Құқық қорғау органдары

Тонаушы көп ұзамай қолға түсті

 

Полицияға 22 жасар бойжеткеннен арыз түскен. Оның айтуынша, түнгі сағат бір шамасында Сейфуллин және Алтынсарин көшелерінің қиылысында белгісіз бір адам оның сөмкесін тартып алып, қашып кеткен. Жәбірленуші ұялы телефонынан бірден 102 номері арқылы тәртіп сақшыларына хабарласқан. Қылмыс жайындағы ақпарат түскеннен кейін жедел басқару орталығы бірден барлық жаяу және автопатрульдерге хабар жіберіпті. Тонаушының 20 жас шамасында және үстінде қара куртка мен ақ түсті бас киімі болғандығы анықталған. Жедел басқару орталығының қызметкерлері оқиға болған ауданда орналасқан бейнебақылау камераларына мұқият тексеру жүргізді.

Саят Ибраев, СҚО ІІД жедел басқару орталығының кезекші аға инспекторы:

-Мир-Мүсірепов көшелерінің қиылысында орналасқан бейнекамера арқылы біз күдіктіге ұқсас жігітті байқадық. Ол жақын жердегі үйдін ауласына кіріп кетті. Сол жерге бірден «Сұңқар» автопатрульі жіберілді.

Қылмыс жасаған жігіт үй ауласында ұсталды. Мас күйінде болған ол жасаған қылмысын бірден мойындаған. Ал оқиға орнына жеткен жәбірленуші қылмыскерді бірден таныды. Тергеу барысында айыпталушы сөмкені қылмыс орнынан алыс емес жерде лақтырып жібергенін айтқан. Ұрланған зат айтылған жерден табылып, иесіне қайтарылды. Қазіргі уақытт аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді.

Әспет Әбдірешова