Рождестволық көрме

Мәдениет

17:40 6 Қаңтар 2012

 “Рождестволық қиял” көрмесіне 70-ке тарта туынды қойылды. Олардың авторлары 4-16 жас аралығындағы жасөспірімдер. Бұл негізінен оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілері арасындағы қолданбалы қолөнер байқауының үздіктері. Православ сенімдегілердің діни мерекесі күні шебер балғындардың арасынан суырылып шыққандары марапатталды.

Епископ Гурий, Петропавл-Булаев епархиясының епископы:
– Бұндай байқаулардың өткізілуі өте орынды. Жасөспірімдер өздерінің діни мерекелерін ұмытпаулары тиіс. Қандай дін болмасын қашанда жақсылыққа, достыққа шақырады. Балалар осылайша ортақ тақырыпқа бірігіп әуестіктерін шыңдайды.

Жеңімпаздардың есімдері 4 аталым бойынша анықталды. Әрбірі дипломмен марапатталып, сый-сияпатқа ие болды. Қалалық № 2 орта мектептің оқушысы Роман Кузнецовтың “Рождестволық той-думан” атты еңбегі бас жүлдеге ылайық деп танылды. Ол туындысын батик техникасының негізінде жасапты.

Роман Кузнецов,   № 2 орта мектептің оқушысы:
– Мен өз туындымда періштені салып, Иса пайғамбардың дүниеге келген сәтін бейнелеуге тырыстым. Оны негізінен атамның әңгімелерінен естіп білетінмін. Қиялдан туған еңбегім зая кетпей бағаланғанына қуаныштымын.

Көрмені қаңтар айының соңына дейін тамашалауға болады.

 Жеңіс Ермұқанов