Қоғам

Петропавл-Булаев епархиясының жаңа жетекшісі

Петропавл-Булаев епархиясы облыста өткен жылы құрылған. Оның жетекшісі болып Епископ Гурий тағайындалып отыр. Епископ Гурий Мәскеу қаласындағы діни семинария мен академияда білім алған. Бірқатар шет мемлекеттерде – Марокко, Италия, Франция, Швейцария және Австралияда діни қызмет атқарған. Төрт тілді еркін меңгерген.
Өңір басшысы Серік Біләлов Солтүстік Қазақстанда православ дінінің – негізгі діндердің бірі екенін атап өтті. Ол бірлік, жақсылық пен түсіністікті уағыздайды. Ал бұл құндылықтар 130-дан астам ұлт өкілдері келісім мен татулықта тұрып жатқан тәуелсіз Қазақстанның өркендеуінің негізі болып табылады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Біз азаматтық және конфессияаралық келісім дәстүрлерін жоғары бағалаймыз. Бұл дәстүрлерді ислам және  православ шіркеуі ұстанады. Православ діндарларының бітімгерлік қызметінің бай тәжірибесіне үлкен көңіл бөлеміз, олар әрі қарай да ұлтаралық келісім мен татулықты сақтау үшін қызмет етеді деген үміттеміз.

Епископ Гурий Солтүстік Қазақстан облысына православтықтардың негізгі мейрамының қарсаңында келіп отыр. Өз кезегінде діни қызметкер “бұл өңірде қызмет ету үлкен құрмет” деді.

Епископ Гурий, Петропавл-Булаев епархиясының епископы:
-Петропавл-Булаев епархиясының құрылуы – Қазақстанда орнаған конфессияаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың айғағы. Біз елдің жетістіктеріне куәміз, бағалаймыз. Алдағы уақытта табыстарды еселей түсуге қызмет етеміз.

Епископ Гурийді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Қасымхан Абдоллаұлы мен рим-католик шіркеуінің деканы Анджей Михон құттықтап, жаңа қызметте сәттілік тіледі.

Айымгүл Әбілева