Денсаулық сақтау

Тегін дәрі-дәрмек тізімі өсті

 

Жаңа жылдан диспансерлік есепте тұрған азаматтар  бірқатар дәрі-дәрмектерді тегін ала алады. Ол үшін өзі тіркелген емханаға барып, тексерістен өтіп, диагнозын растауы тиіс.

Мәриям Бапанова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:
-Биыл өңір халқын тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді. Атап өту керек, биыл тегін дәрмекпен қамтамасыз етілетін аурулар тізіміне өзгеріс енгізіліп, олардың қатары қалыңдады. Үүстіміздегі жылы артериялық гипертония, пневмония, ойық жара сияқты дерттерге шалдыққандарға дәрі тегін түрде беріледі.
 
2012 жылдан 50 пайыздық жеңілдікпен дәрі-дәрмек өткізілмейді. Бұрындары жарты ақшасына сатылатын барлық препараттар ендігі кезекте, тегін түрде берілуі тиіс. Ал дәрі-дәрмекті өткізу, тағайындау жағы ерекше бақылауға алынатын болады. Жақын уақытта тегін ем-дом қарастырылған азаматтардың тізімі жасалмақ. Өткен жылы жеңілдетілген және тегін препараттарды 111 мың жерлесіміз алған.

Мәриям Бапанова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:
-Былтыр бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен 889 млн теңге бөлінді. Кейін сұраныстың артуына байланысты қосымша 19,6 млн теңге бағытталды.
 
Облыстық бюджеттен өзге, стационарлық ем-домға, өте қымбат дәрмектермен қамту мақсатында және СПИД, туберкулез, диабет, гемофилия, гепатит, онкологиялық ауруларға республикалық бюджеттен трансферттер қарастырылған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар қаңтарға жететіндей тегін амбулаторлық дәрі-дәрмек қоры бар екенін айтады. Сондықтан, алаңдауға негіз жоқ көрінеді.

Гүлмира Шоқтыбаева