Бизнес және экономика

“Халықты жұмыспен қамту- 2020” бағдарламасы жемісін беруде


 

Өңірімізде «Халықты жұмыспен қамту 2020» пилоттық бағдарламасының 3 бірдей бағыты қолға алынды. Алғашқысы – жаңа кәсіпті игеру немесе біліктілікті шыңдау. Оған 1000-ға жуық солтүстікқазақстандық қатысуға ниет білдіріпті. Ерекше сұранысқа ие 45 мамандық бойынша 17 білім беру мекемесінде қайта даярлау курстары жүргізілген.

  Сергей Яковенко,  СҚО халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары:
– Биыл 395 азамат кәсіптік білім алуға, ал 337 тұрғын қайта даярлау курстарына жіберілді. Олар ай сайын мемлекеттік шәкіртақы алып, техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелерде оқып, жаңа технологияларды игерді. Бағдарламаға қатысушылардың орташа айлық жалақысы 44 мың теңге.  

Ал бағдарламаның келесі бағыты – ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамыту. Жылдық үстемақысы 6 пайызды құрайтын несие беру арқылы өз кәсібін өрге домалатамын деуші жерлестерімізге қолдау көрсетілген. Үстіміздегі жылы 104 жобаға жалпы сомасы 200 млн теңгедей несие беріліпті. Оның 60 пайызы мал шаруашылығын дамыту мақсатында алынған. Сондай-ақ «Халықты жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге де көңіл бөлінген.

  Сергей Яковенко, СҚО халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары:
– Бағдарламаның бұл бағыты негізінен экономикалық өсімі төмен ауылда тұратын жастарға арналған. Қазіргі таңда өңірімізде 222 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ол үшін 1 млрд 400 млн теңге қарастырылған.

Жалпы бағдарламаның жүзеге асырылуына 2 млрд теңге бөлініпті. Қазіргі таңда бұл қаражат толығымен игерілген. Бұл бағытта келер жылға жасалған жоспарлар да ауқымды.

 Инеш Шоқақова