Бизнес және экономика

2011 жылы әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру қорытындысы


 

2011 жыл – көптеген мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар бастау алған жыл. Білім жүйесінде бұл саланы дамыту жөніндегі 2020 жылға дейінгі ұлттық жоба әзірленді. Бағдарлама ұзақмерзімді, сондықтан бірнеше өзекті бағытты қамтиды. Бірінші кезекте, ол педагогтың беделі мен әлеуметтік мәртебесін көтеруді көздейді. Яғни, ұстаздардың еңбекақысын орташа республикалық деңгейге жеткізу қарастырылған.
Бұл бағдарлама шеңберінде сондай-ақ 2020 жылға дейін балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 100 процентке жеткізу қажет. Үстіміздегі жылы ғана өңірімізде 3 мың бүлдіршін балабақшаға барды. Сөйтіп, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 75 процентті құрады. Ал екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 52 процент болатын. Орта білім жүйесінде 12 жылдыққа көшу, ал техникалық және кәсіптік білімде – жаңа кәсіби стандарттарды енгізу көзделген.

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:
-Неліктен бізде еңбек нарығында сұранысқа ие емес мамандар дайындалады деген сұрақ жиі туындайды. Өйткені бұрын кәсіби стандарттар басқа болатын. Ал қазір жаңа кәсіби стандарттар әзірленді. Енді біз жаңа салалар – мұнай-газ, туризм салаларында қажет мамандарды дайындап жатырмыз. Талап бойынша, оқу бағдарламалары да кәсіби стандарттар бойынша өзгертілуі тиіс.

Білім жүйесінде “Интеллектуалдық мектептер” жобасына ерекше көңіл бөлінді. Бұл мектептерде оқу бағдарламасы халықаралық талаптарға сай келеді. Ал интеллектуалдық мектептердің түлектері шетелдегі жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыру мүмкіндігіне ие. Мұндай мектеп Петропавлда 2013 жылы бой көтереді. Білім ошағының құрылысы биыл басталды.
  Үстіміздегі жылы денсаулық сақтау саласында да үлкен өзгерістер бар. Реформалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі. Фархад Қуанғановтың айтуынша, ол шетелдік мамандардың қызығушылығын тудырған қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінің ерекше моделін құрды. Үстіміздегі жылы аталмыш салаға 870 млн. теңге бөлінген. Осындай қолдаудың нәтижесінде биыл облыстың емдеу мекемелеріне қазіргі заманғы қондырғылар түскен. Сөйтіп, облыстық кардиологиялық орталық пен облыстық балалар ауруханасының кардиохирургиялық бөлімшесі, жедел жәрдем станциясы жарақтандырылды. Бұл жүйенің шеңберінде солтүстікқазақстандық дәрігерлер шетелдік мамандармен шеберлік алмасып, тәжірибе бөлісті.

 Фархад Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:

-Израильдік дәрігерлермен меморандум жасалды. Оның аясында шетелдік мамандар біздің дәрігерлер үшін семинарлар өткізіп, кеңестер береді. Үстіміздегі жылы облыста 35 бірлескен операция жасалды. Және айту керек, Израильдің жоғары білікті мамандары біздің дәрігерлердің дайындығы мен медициналық мекемелердің жарақтандырылуын жоғары бағалады.

Өңірде сондай-ақ “Ұрпақтар қоры” бағдарламасы жоспраға сай орындалып жатыр. Біздің облыс – мұндай жоба қолға алынған еліміздегі жалғыз өңір. Үстіміздегі жылы 451 отбасы немесе 1 878 бала бағдарлама қатысушысы атанды. 453 млн. теңге көлемінде қаржы депозиттерге аударылған.
2011 жыл – мәдениет саласының қызметкерлері мен спортшылар үшін оқиғаларға толы болды. Өңірде 22 мәдениет нысаны ашылды. Шығармашылық ұжымдар түрлі халықаралық және республикалық байқауларда  жүлделі орындарды иеленген. Биыл бұл салаға 2 млрд. теңге қаражат бөлінген.
  Ал өңір спортшылары 40 халықаралық сайысқа қатысып, облыс қоржынын 300-ден артық медальға толықтырған. Қысқасы, 2011 жыл айтулы оқиғаларға бай болды дейді Фархад Қуанғанов. Ал бұл табыстардың негізінде халықтың ерік-жігері мен ниеті және мемлекеттің қолдауы жатыр.

Айымгүл Әбілева