Қайырымдылық

Жаңа жыл мерекесіне «Есіл судан» тарту


 

Аяз ата мен Ақшақарды көрген балалардың қуанышында шек жоқ. Олардың жүздеріндегі күлкі мен көздеріндегі жалын содан сыр аңғартқандай. Әрбір бала жаңа жыл қарсаңында түрлі тілек тілеп, оның орындалатынына сенеді. Антонина Олифер сурет салып, ән айтқанды ұнатады. Бүгін ол сурет салуға қажет фломастерлер мен өзге де сыйлықтарға ие болды.

Антонина Олифер, тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға арналған интернет-үйінің тәрбиеленушісі:
– Мен енді бәрінің суретін саламын. Аяз ата мен Ақшақарды да, қасымдағы құрбыларымды да қағаз бетіне түсіремін. Барлығын жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Бәріне жақсылық тілеймін.  

Антонинаның интернатқа келгеніне бірнеше ай ғана болған. Осы уақыт аралығында ол ән айтып үйренген Келген қонақтарға алғыс ретінде ол бүгін «Кораблики» әнін орындады. Балалар тек ән айтып, өлең оқумен ғана шектелген жоқ. Сонымен қатар Аяз ата мен Ақшақардың биіне ортақтасты. Тірек-қимыл жүйесі зақымданған мүгедек балаларға қуаныш сыйлау «Есіл су» кәсіпорны тарапынан дәстүрлі  іске айналған. Бұл жолы кәсіпорын қызметкерлері бүлдіршіндерге кеңсе жабдықтары мен тәтті сыйлықтар ұсынды.

Никита Забаван, «Қазводхоз»  РМК «Есіл су» филиалының бөлім бастығы:
– Әрқашан Жаңа жыл қарсаңында балаларға жақсы көңіл-күй сыйлағың келеді. Бүгін біздің кәсіпорын да сол мақсатпен келіп отыр. Балаларға сыйлықтар ұнады деген ойдамын.

Сыйлықтар 20 тәрбиеленушінің бәріне тиді.