Мәдениет

Тәуелсіздік тойына арналған айтыс

 

Айтыс – халқымызбен бірге жасасып келе жатқан тарихы терең, тағылымы мол айтулы өнер. Соңғы кездері өңірде айтысқа әуес жастар санының артуы қуантады. Бүгінгі жыр додасы қазақтың төл өнерін жанына жақын тұтқан 12 ақынның, яғни 6 жұптың басын қосты.

Аян Садаев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы:
– Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қалалық ақындар айтысын өткізгелі отырмыз. Тақырыбы еліміздің 20 жылдығына арналған. Мерекеге арналған.

Қатысушылар өз жырларына ел тәуелсіздігі мен 20 жыл ішінде мемлекетте атқарылған істерді арқау етті. Жас ақын Құрмет Құралхан бүгін Ғ.Мүсірепов ауданының намысын арқалап келген. Бұған дейін де айтысқа қатысып жүрген ол бүгінгі сайысқа жақсы дайындалыпты.

Құрмет Құралхан,  айтыскер ақын, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Жалпы жер-жерлерде үлкен-үлкен айтыстар, додалар ұйымдастырылып жатыр. Шамамыз келгенше қатысып жатырмыз. Бүгінгі айтыстың жастарға берер әсері зор деп ойлаймын. Өйткені бүгін студент жастар көптеп жиналыпты.

Ақындар додасына Азамат Қожанов Көкшетаудан ат терлетіп келіпті. Ол қарсыласының сөзге шебер екенін алға тартты. Дегенмен жеңіс тұғырынан көрінетініне сенімді.

Азамат Қожанов, айтыскер ақын, Көкшетау қаласы:
– Қай заманда да айтыс қарапайым халық пен үлкен жолды жалғастырған өнер болып табылады. Сондықтан да Көкшетау қаласынан келіп тұрмыз. Әрине айтыстың өтіп жатқаны жақсы өңірлерде.

Ақындардың өнерін қазылар алқасы бағалап,  сөз құдіретін терең түсінген қатысушылар марапатқа ие болды.