Қоғам

Тәуелсіздік құрдасы

 

 

Қазақ елі егемендігін жариялаған сәтте бөркін көкке атпаған адам кемде-кем. Ақ түйенің қарны жарылған күні Тайшыбай әулиетінде қаракөз сәби шыр етіп дүние есігін ашты. Тәуелсіз елдің топырағында   өскен Тоқтар бүгінде ел игілігіне жарар азамат болды. 20 жасаған Отанының түйдей құрдасы қазір М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тарих және құқық факультетінің 2 курс студенті. Тәуелсіз Қазақстанмен  бірге жетіліпген ұлан ел болашағы білімді де жігерлі жастардың қолында екенін жақсы түсінеді.

Тоқтар Тайшыбай, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– Мен заңгер мамандығын бекер таңдаған жоқпын. 7 сыныптан осыған талпындым. Болашақта қаржы полициясына қызметке тұрып коррупциямен күресте сәл де болса өз үлесімді қосқым келеді.   

Оқу үздігі  еліміздің қоғамдық, саяси өміріне белсенді араласып жүр:  “Жас Отан” ЖҚ мүшесі. Көңілді   тапқырлар клубында өнер көрсетуге де уақыт табады екен. Салауатты өмір салтын ұстанатын Тоқтар таэквандодан спорт шеберіне үміткер. Айбынды Алаш елінің ұрпағы шығыс жекпе-жегінен   тотамидегі тартыстарда көк туымызды асқақтатып келеді. Азия біріншілігінің жүлдесіне де қол жеткізіпті.  Қазақстан 20 жылда үлкен жетістіктерге жетті. Саяси-экономикалық жағынан дамыды. Одан әрі жарқын болашаққа жетелеу саналы тәрбие мен кемел білім алған Тоқтар сынды өскелең ұрпақтың қолында.

Жеңіс Ермұқанов