Білім

Никита Визнер – Президенттік білім сайысының жүлдегері

 

7-10 желтоқсан аралығында өткен Президенттік олимпиадаға Солтүстік Қазақстаннан  қаланың мамандандырылған мектептерінің 10 оқушысы қатысты. Олардың алтауы  – бірінші қалалық лицей шәкірттері. Барлығы 4 пән бойынша өткен білімділер сайысында жерлестеріміз өздерін лайықты көрсете білген. Никита Визнер математика пәні бойынша қатысып, жүлделі үшінші орынға ие болған. 40 қатысушының ішінен жоғары нәтиже көрсеткен Никитаның енді Қазақстанның жоғары оқу орындарына емтихансыз түсу мүмкіндігі бар.

Никита Визнер, А.Слухаевский атындағы бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің оқушысы:
– Ең алғашқы жоғары жүлдеме Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында ие болғаныма өте қуаныштымын әрине. Болашақта жетістіктерімді еселей беремін.

Никитаның бұл жеңісі Ел Тәуеліздігінің мерейтойына арналған тамаша тарту болды. Мектепте ұйымдастырылған салтанатты жиын Президент олимпиадасына қатысушыларды құттықтауға арналды. Жиын барысында математика пәнінің мұғалімі Лариса Батырева да қошеметке бөленді. Бүгінде еңбегі жанған мұғалім Никита Визнерге 8-сыныптан бері сабақ беріп келеді.

Лариса Батырева, А.Слухаевский атындағы бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің математика пәнінің мұғалімі:
-Мұғалім ретінде оқушы бойындағы қабілетті байқаған сәттен-ақ оны одан әрі дамыту керек деп есептеймін. Бүгінде менің қосымша сабақтарыма 7 оқушы қатысады. Олардың әрқайсысы өзінше жақсы. Солардың бірі әрине Никита. Оқушымның осындай биік шыңнан көрінуі еңбегімнің жанғаны деп білемін.

Тәуелсіздіктің 20-жылдығына арналған мерекелік жиында басқа да мектеп мақтаныштарына құрмет көрсетілді .