Қоғам

Облыс орталығының бас шыршасы жағылды

 

Орталық алаң ән-думанға толы. Бет шымшыр қытымыр аяз петропавлдықтардың жарқын көңілдеріне кедергі бола алмады. Жаңа жылдың басты нышаны – әсем шыршаның жағылу салтанатына санаулы минуттар қалды. Ел тәуелсіздігінің табысқа толы болған мерейтойлы жылын шығарып салуға арналған мерекелік шараларды облыс әкімі Серік Біләлов ашып берді. Аймақ басшысы сиқырлы таяқшаның көмегімен 20 метрлік  шыршаға сән беретін түрлі-түсті ойыншықтарды жақты.
Осы сәтті жыл бойы күткен жерлестеріміз дәстүр бойынша өңір жетекшісімен шуақты шыршаны айналып әнге басты. Аяз ата, ақшақар, биылғы, келер жылдың нышандары, ертегілік кейіпкерлер мен сайқымазақтар жиналған қауымның көңілін аулап жатыр. Егеменді елдің ұландары биылғы жетістіктері 2012 жылы еселенетініне нық сенімде.

Жеңіс Ермұқанов