Денсаулық сақтау

“Дені сау ұрпақ – ел болашағы”


 

Облыстық қан орталығында бүгін донор күні ұйымдастырылыпты. Жұртшылық қан тапсыруға таңертеңнен келе бастаған. Таңғы сағат тоғызда қан беруге ниет еткендердің саны қырықтан асып кеткен. Донор болу үшін алдымен тұрғындар бірқатар анализ тапсырулары қажет. Ең алдымен қанның қандай топқа жататынын, резус факторы мен гемоглобин деңгейін анықтау керек. Бұл анализдер бес минутта дайын болады. Ал қан қысымын өлшегеннен кейін донорлар міндетті түрде шай ішуге барады. Мамандар жыл өткен сайын облыста қан тапсыруға ниет танытқандардың саны өсіп отырғанын айтады. Бұл қуантарлық жайт. Өйткені емдеу мекемелеріне донор қаны күн сайын дерлік қажет.

 Анна Скочилова, облыстық қан орталығының бөлімше меңгерушісі:
-Бүгінгі күні 5 солтүстікқазақстандыққа қан керек. Үшінші қан тобы болса жақсы. Егер көмек көрсетем дегендер болса, қан орталығына келіп тапсыра алады.  

Айту керек, қазіргі заманғы технологиялардың арқасында зертханашылардың жұмысы айтарлықтай жеңілдеген. Орталықтағы озық үлгідегі қондырғылар қан алуды тез және ыңғайлы жүргізуге мүмкіндік береді. Әміржан Мұхамеджанов облыстық қан орталығының жаңа ғимаратында бүгін алғаш рет қан тапсырды. Жаңашылдықтар қуантады дейді ол.

Әміржан Мұхамеджанов, СҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасының взвод командирі:
-Бұрын ескі ғимаратта тапсыртынмын. Бүгін жаңа қан орталығында қан бердім. Барлығы жақсы жасалған. Ыңғайлы. Жаңа қондырғылар әкелінген.

Бұл күні сондай-ақ барлық қалалық емханаларда ашық есік күні өткізілді. Қала тұрғындары мамандардың кеңесін тыңдап, пайдалы ақпарат алу мүмкіндігіне ие болды.

Татьяна Иванова, бірінші қалалық емхананың эндокринологы:
-Ашық есік күнінде адамдарға қант диабеті, гипертония, жүрек аурулары жөнінде қосымша ақпарат беріп жатырмыз. Кез келген қала тұрғыны емханаға келіп, кеңес, қажетті мағлұмат ала алады.

Андрей Иванов:
-Ашық есік күнін өткізген біз үшін өте ыңғайлы. Кез келген маманға кіріп, кеңес ала аламыз. Барлығы тұрғындар үшін жасалып жатыр.

Биыл бірінші қалалық емханада жаңа қондырғы орнатылыпты. Қаражат республикалық бюджеттен бөлінген.

Айымгүл Әбілева