Білім

“20 жұлдызды күн” аясында ұстаздарға құрмет көрсетілді

 

 

 

«Жас ұрпақ – ел болашағы». Ал оларға сапалы білім,  саналы тәрбие беру алдымен ата-анаға, одан кейін ұстаздар қауымына жүктелген міндет. Сондықтан білім беру саласы қызметкерлерінің күнделікті еңбегі барлық марапатқа лайық.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
–  Қазақстан Тәуелсіздік жылдары дербес мемлекет ретінде барша әлемге танылды.ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы халыққа жолдауында педагогтардың білім деңгейі мен кәсіби даярлығына айрықша көңіл бөледі. Бүгінгі күні білім саласы еліміздің дамуының басым бағыты болып табылады.

«20 жұлдызды күн» аясында ұйымдастырылған «Білім» күнінде қалыптасқан дәстүр бойынша мерекелік медальдар табысталды. Бұл қошеметке 33 солтүстікқазақстандық ұстаз бөленді.

Оңдасын Әшімов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:
-Үлкен мерейтой келе жатыр,  ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл. Сол мереке баршамызға құтты болсын. Мына үлкен награда үшін рахмет.

Облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары да өз иелерін тапты. Бар білгенін өскелең ұрпаққа үйретуден жалықпаған ардагер ұстаздарға көрсетілген құрмет ерекше. Сондай-ақ 3 педагог «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» және тағы 4 ұстаз «Ыбырай Алтынсарин» төс белгілеріне лайық деп табылды.
Білім беру саласында барша отбасы мүшелерінің қызмет етуі сирек кездесетін жайт емес. Бұған «СҚО педагогтар әулеті» фестиваліне қатысқан 13 жанұя дәлел. Олар да жиыннан құр қол қайтпады. Сән-салтанатқа толы мереке жергілікті әртістер мен Астана қаласының мемлекеттік филармониясы әзірлеген әсем концертке ұласты.

Инеш Шоқақова