Денсаулық сақтау

Жас мамандар медицина қызметкерлері қатарына қабылданды

 

 

Бүгін облыстық аурухана жас мамандарды ұжым қатарына қабылдады. Алдымен мекеменің бас медбикесі Ирина Зайнутдинова кейінгі толқынға кеңесін беріп, дәрігерлік қызметтеріне сәт сапар тіледі

Ирина Зайнутдинова, облыстық аурухананың бас мейірбикесі:
-Құрметті әріптестер, бүгін сендер үшін айрықша күн. Үлкен еңбек ұжымына еніп жатырсыздар. Сабырлылық –  медицина қызметкерлеріне тән қасиет. Біздің саланың қызметкері мейірімді болуы шарт.

Аталмыш емдеу мекемесінің табалдырығын биыл аттаған жас мамандар тәжірибелі дәрігерлердің сынағынан өтті. Өз саласына және мемлекеттік нышандарға қатысты білімдері сарапқа салынды. Бұл сыннан сүрінбей өткендердің бірі – ел тәуелсіздігінің құрдасы Жайнагүл Жақақова. Кәсібін халыққа көмек көрсетемін деген игі ниетпен таңдаған қыз облыстық аурухананың қызметкері атанғанына риза.

Жайнагүл Жақақова, облыстық аурухананың мейірбикесі:
-Облыстық ауруханада мені қабылдау өте қатты ұнады. Бүгінгі шара да керемет жақсы болды. Өзіме қатты ұнайды осы жұмыс.Таңдағаныма өте қуаныштымын. Әке-шешемді де емдейтін, барлық халқымызға да көмек беретін осы.

Ағымдағы жылы облыстық аурухананың ұжымы 17 маманға толықты. Өскелең ұрпақтың жұмысын бақылаған емдеу мекемесінің бас дәрігері Юрий Белоног жастардың мүмкіндігі мол екендігін алға тартты.

Юрий Белоног, облыстық аурухананың бас дәрігері:
– Қатарымыз қалыңдағанына қуаныштымын.
Барлығы өз қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарап, ептілік танытады. Дайындығы осындай кадрлармен облыстық аурухананың болашағы жарқын болатынына кәміл сенемін.

Үлкен жауапкершілігімен, кәсіби икемімен көзге түскендердің бірі – Антон Суровцев  Солтүстік Қазақстан медицина колледжін тәмамдаған екен

Антон Суровцев, облыстық аурухананың медициналық қызметкері:
Ұжым құшақ жая қарсы алды. Кеңестерін беріп, үйретуден жалықпады. Жұмысым қатты ұнайды.

Облыстық ауруханада емделіп жатқан науқастардың да жас мамандарға деген көзқарастары оң.

 Игорь Кондратенко:
-Сыпайылық танытады. Қамқорлық танытып, әрдайым хал-жағдайымызды сұрайды. Уақытылы тексеріп отырады.

5 айдың ішінде жас мамандар ұжыммен тез тіл табысып, жақсы жағынан ғана көрінген.

Айдана Демесінова