Мәдениет

Өнерпаз жастар байқауы

 

 

 

Ақынжанды Мөлдір Парахат СҚМУ-дің 3 курсында оқиды. Өзін өлеңмен таныстырған қыз жұртшылықтың назарын бірден өзіне аударды.

Мөлдір Парахат, байқауға қатысушы:
– Мұндай байқауларға мен алғаш рет қатысып тұрмын, әрине қобалжу болады. Дейтұрғанмен де жақсы дайындықпен келдім. Екінші бөлімге мен Мұхтар Шахановтың “Желтоқсан алаңы” атты патриоттық сезімге толы өлеңін әкелдім. Үшінші бөлімде халық әні “Арман-айды” орындайтын боламын.

Бүгінгі шара бірқатар талантты жастардың басын қосқан. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен болған байқау 3 кезең бойынша өтеді.

Айтжан Рахимова, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
– Байқау мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, әдебиетті насихаттау және жастар арасында талантты тұлғаларды іздеп табу. Бұл байқау үш кезеңнен тұрады.

Қатысушылар – Отан, туған жер, тәуелсіздік тақырыптарына арналған өз туындыларын немесе белгілі бір ақындардың өлеңдерін жатқа оқулары керек. Сонымен қатар би-шешендердің сөздерінен үзінділер оқу немесе дәстүрлі ән орындау арқылы ұлттық өнер түрінен сайысқа түсу көзделген.

Таңат Сүгірбаев, «Асыл мұра» орталығының жетекшісі, сайысты бағалаушы:
– Бұл байқаудың маңызы сонда – жастардың тілді қалай меңгергендігін және салт-дәстүрді қалай меңгергендігін, осының бәрін қазір қазылар алқасы бағалайтын болады.   

Ал М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық-педагогикалық колледж  студенті Ажар Қайырбек сахнада әр қырынан танылды. Бойжеткеннің әсіресе домбырамен орындаған әні оның нағыз ұлтжанды екендігін байқатты.

Ажар Қайырбек, байқауға қатысушы, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық-педагогикалық колледж студенті:

– Мен бүгінгі тәуелсіздігіміздің торқалы тойына жыр шашуымды әкеліп, сонымен қоса Қазақстанның гүлденуіне, дамуына, өркендеуіне өзімнің кішкентай да болса үлесімді қосу үшін осы конкурста өзімді барынша жақсы көрсетуге тырысып бағамын.  

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталмақ.

Әспет Абдрешова