Құқық қорғау органдары

Өзбекстан азаматы Қазақстаннан кеткісі келмейді

Өзбекстан елінің 22 жасар азаматы Петропавлдағы техникалық қызмет көрсету орталықтарының бірінде жұмыс істеп, сол жерді баспана ретінде пайдаланған. Полицейлер көші-қон заңнамасын бұзған бұл жігітті ағымдағы жылдың қазан айының басында қолға түсірген. Сот үкімімен ол 38 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс еді. Алайда мигрант бұл шешімді елемеген.

Қанат Даненов, СҚО ІІД көші-қон полициясының қызметкері:
– Ол 394-баптың 1-тармағы бойынша қайта жауапқа тартылған. Осыдан кейін көші-қон полицейлері бұл техникалық қызмет көрсету станциясын тексеріп отырған. Дегенмен заң бұзушы сот шешімін орындаудан бас тартты.

Тәртіп сақшылары осы адамды кезекті “Мигрант” алдын алу шарасы барысында ұстаған. Бұл жолы Өзбекстан елінің азаматы желтоқсанның 2-сіне дейін елдің шекерасынан асып кетуі керек еді. Қазақстандағы жұмыстың жалақысына қызыққан ол бұл шешімге де құлақ аспаған. Өзбекстан елінің азаматына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Енді ол 1 жылға бостандығынан айырылады,  немесе 500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде айыппұл төлейтін болады

Айдана Демесінова