Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бескөлде балабақша ашылды

 

 

Бүгін бескөлдіктер үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Аудан орталығында “Балапан” бағдарламасы аясында балабақша ашылып, бүлдіршіндер енді мектепке дейінгі тәрбиемен  100 пайыз қамтылып отыр.

Шынар Байғожина:
– Мен ата-ана ретінде осындай жарық, жылы балабақшаның ашылғанына өте қуаныштымын. Біз балабақша жайлы көптен армандадық. Бүгін біздің арманымыз орындалды. Балаларымызға қамқорлық жасаған Елбасы, мемлекетімізге алғысымды білдіремін.

Ата-аналардың қуанышына облыс әкімі Серік Біләлов ортақтасты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін барлық қала, ауыл  балалары мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамтамасыз етіледі деген болатын.
Міне бүгін Бескөл ауылында 280 орындық балабақша ашылғалы отыр. Бұл ата-аналар мен балалар үшін үлкен қуаныш. Сіздерді осы атаулы күнмен құттықтаймын.

Аймақ басшысы балабақша ұжымына теледидар тарту етіп, жаңа білім беру мекемесінің таспасын кесті.
Өңір жетекшісі ғимараттың ішін аралап бүлдіршіндерге жасалған жағдайлармен танысты. Алғашқы 261 тәрбиеленушісін қарсы алып есігі айқара ашылған балабақша құрылысына 540 млн. теңгеден артық қаражат жұмсалды. Мердігер “Альфа-Север” серіктестігі 2 қабатты нысанды жарты жылдың ішінде салыпты. 57 млн. теңгеге заманауи қондырғылар, жиһаз, керек-жарақ алынған. Жас аралықтарына қарай бөлінген 12 топтың өздерінің бөлек жайлы ойын, жатын, жуынып-шайынатын, ас бөлмелері бар. Ой-өрістерін кеңейтіп, шығармашылық қабілеттерін ашатын, денсаулықтарын шыңдайтын залдар қарастырылған.

Татьяна Рябина, Қызылжар аудандық білім бөлімінің әдіскері:
Таңғы сегізден кешкі 7-ге дейін бүлдіршіндермен білікті мамандар жұмыс істейді. Ас мәзіріміз дәрумендерге толы. Балдырғандар  4 рет тамақтанады. Барлық санитарлық талаптар орындалады. Өзге балабақшаларда жоқ оранжереямыз бар.  

Балабақшаның қолданысқа берілуімен жаңа жұмыс орындары пайда болды. 86 қызметкердің 52-сі екі қолға бір күрек таба алмай, қол қусырып отырғандар екен. Бүлдіршіндермен мұнда 24 жоғары білікті маман жұмыс істейді.

Ләйлә Нұрпейісова, тәрбиеші:
– Біздің балабақшада балаларға жақсы жағдай жасалған.
Ата-аналарға балаларын уайымсыз қалдырып кетуге болады. Біз «Зерек бала» бағдарламасы бойынша сабақ өткіземіз. Сабақтар ойын түрінде өтеді.  

Балабақшаның кішкене қонақтары өз алғыстарын  би,  ән-жырмен жеткізді. Бүгінде өңір бүлдіршіндерінің 76 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылыпты. Жыл соңына дейін тағы осындай 2 балабақша мен 12 шағын орталық ашылмақ. Ал 2020 жылға дейін облыс балдырғандары  100 пайыз мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады.

 
 Жеңіс Ермұқанов