Аптадағы маңызды жаңалықтар

Көпбалалы аналар марапатталды

 

 

 

Салтанатты шараға мейірім мен шапағатты, ізгілік пен ұлағатты бойына жинаған аяулы аналар мен әжелер жиналды. Бала күтіп, ошақ басында жүрген ардақты жандар ел игілігіне де қызмет етуде. Абзал жандарды мерейтой қарсаңында облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Сіздердің тәуелсіздік жылдары еліміздің дамуына қосқан үлестеріңіз өте зор. Ана мен бала мәселесі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әрқашан назарында. Елбасының жыл сайынғы жолдауы соның айғағы. Президентіміздің саясатына сәйкес біздің облысымызда аналарға қолдау көрсетілуде және ол алдағы уақытта да жалғаса береді.

Шаңырағын шайқалтпай, керегесін кең, босағасын берік ұстаған  көпбалалы 7 ана Алтын және Күміс алқа иегері атанды. Кеуде белгісімен қатар өңір жетекшісі ел болашағын тәрбиелеуден жалықпаған ардақты жандардың иығына ақ жаулық жапты.
76- ға келген Дәмеш Тезекбаева 9 баланың анасы. Алтын алқа иегері тәуелсіз Қазақстанның дамуымен қатар отбасына ырыс-береке кірді дейді. Дәмеш апай қазір қызын қияға ұшырып, ұлын ұяға қондырып,  25 немере мен 6 шөбере сүйген ақ жаулықты әжей.

Дәмеш Тезекбаева, көпбалалы ана:
– Немерелерімнің алды университетте оқып жатыр. Балаларымның бәрі ер жеткен. Барлығы үйлі болды. Үкіметтің қолдауы жақсы,  пенсиямызды уақытында алып тұрамын. Осы жастардың бізді қолдап, қорғап жүргеніне рахмет айтамын.

Бұл күні 6 баланы тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай,  саналы тәрбие мен кемел білім беріп лайықты ел азаматы ғып өсірген Роза Айдарханова мен Бағдагүл Тілеубаева да ерекше құрметке бөленді.

Роза Айдарханова, көпбалалы ана:
– Жылдан жылға еліміз өсіп келеді, егініміз жақсы болып, еліміз тыныш болып, малымыз көп болып жүріп жатырмыз. Балаларды өсіріп, тәрбиеледік, енді солардың қызығын көріп жатырмыз.
Бағдагүл Тілеубаева, көпбалалы ана:
– Жыл сайынғы ана мен бала қолдауының арқасында 6 бала тәрбиелеп өсіргенім үшін Күміс алқамен марапаттап жатыр. Өзім Өзбекстаннан көшіп келген оралманмын. Туған елге келіп, осындай марапатқа ие болып жатқаныма өзімді бақытты санаймын.   

Салтанатты жиын соңында аяулы ана, сүйікті жар, мейірімді әжейлер өңір басшысымен естелік суретке түсті.

 
Жеңіс Ермұқанов