Спорт

Боксшылар турнирі аяқталды

 

 

 

Қатарынан 5 күнге жалғасқан турнирге қатысушылар ақтық сында араларындағы мықты боксшыны анықтау үшін бақ сынасуда. 42 кг салмақ дәрежесінде  Дмитрий Исупов жеңіс тұғырынан көрінді. Облыс құрамасының намысын қорғаған ол қарсыласы Феликс Богдановтан басым түскен.

Дмитрий Исупов, боксшы, Петропавл қаласы:
– Бұл мен сынға түскен алғашқы сайыс және мен онда өзімді жақсы көрсеттім деп ойлаймын. Мен өте қуаныштымын, өйткені бұл менің алғашқы жеңісім. Дегенмен, қарсыласым мықты болды.

Жас болса да, спортшылардың алдарына қойған мақсаттары зор. Бокспен екі жылдай айналысып жүрген алматылық Дәурен Өтепбай өз күші мен еңбегінің арқасында жеңіске жетті. Ақтық сында астаналық спортшыдан басым түскен ол бүгін 11-ші жеңісіне қол жеткізді.

Дәурен Өтепбай, боксшы, Алматы қаласы:
– Бұл жарыста бастысы орын алу емес, тағы да үлкен жарыстарға өте беру керек. Осы жарысты орын алғанымды өзімнің ағайларым Марат Шалабаев және Николай Сыдниковты мақтан тұтамын. Осы кісілердің арқасында бүгін жарысқа шықтым.

Барлығы жарысқа 8 облыстан 174 спортшы атсалысты. 15 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынаған былғары қолғап шеберлері жеңіске жету үшін бар күштерін салды. Сайыстың бас төрешісі Қайрат Сәтжановтың айтуынша, спортшылар жарысқа жақсы дайындықпен келген.

Қайрат Сәтжанов, ҚР жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы:
– Мықтыларды айтатын болсақ, Қазақстан құрама командасы қатысып жатыр. Өткен жылғы Қазақстан біріншілігінің жеңімпаздары бар. Қарағанды командасы жақсы дайындықпен келген. Шымкент, ОҚО командалары жақсы дайындықпен келген.
Ең бастысы, жарыс жақсы деңгейде өтіп жатыр. Ешкім жарақат алмады.

Ақтық сында үздік деп танылған чемпиондардың әрқайсысы кубоктар мен медальдарға ие болды. Қарағандыдан келген Абылайхан Жүсіповтың бокстасу техникасы ең жақсы деп танылды. Оған СҚО бокс және кикбокс федерациясының президенті Айдарбек Сапаров бағалы сыйлық табыс етілді. Ал «Жеңіске деген ынтасы» үшін қостанайлық Мадияр Нұрғалиев пен Жанат Батырбекұлы марапатқа ие болды. Енді үздік спортшыларды Өскеменде өтетін аймақтық чемпионат күтіп тұр.

Әспет Абдрешова