Билік

Үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері марапатталды


 

 20 жасаған егеменді елдің дамуына үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдар белсенділері мен  БАҚ өкілдері. Айтулы күн қарсаңында осы жандардың басын қосқан өңір жетекшісі ортақ мейраммен құттықтап, қаламдарының мұқалмауларын тіледі.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Бүгін біз тәуелсіздіктің 20 шыңы аясында азаматтық қоғам институты күнін атап өтудеміз. Осы шараның мақсаты  – демократиялық институтты дамыту, сөз және БАҚ бостандығы, саяси институттар дамыған елдің қауіпсіздігі,  азамат құқықтары мен бостандығын сақтау басты құндылығымыз болып саналады. Бүгінгі шара баршамызға құтты болсын.  

Ел ертеңі үшін өткір тақырыптарға тайынбай еркін  қалам тербеп жүрген тілшілер мен табанды еңбегімен танылған үшінші сектордың бірқатар өкілдері мерейтойлық медальдармен марапатталды. Жедел ақпарат тарату ісіне қомақты үлес қосқан муниципалдық теларна  директоры Евгений Сазанов та осындай құрметке бөленіп, кеудесіне “Тәуелсіздікке 20 жыл” медалі тағылды.

Евгений Сазанов, муниципалдық теларна  директоры:
– Соңғы 20 жылда мен үшін өмірімнің ең қызықты сәттері өтті. Мен жетекші, әсіресе аса қымбат ҚР азаматы ретінде қалыптастым. Ұрпақ тәрбиеледім.
Барша отандастарымды келе жатқан мерекемен құттықтаймын.  

Ел тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің де еңбегі бағаланды. “Асыл ана” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Теңдік Сәрсекеева да аймақ басшысының қолынан алғыс хат алды.

Теңдік Сәрсекеева, СҚО “Асыл ана” ҚБ төрайымы:
Үлесімді қосуға шаршамаймын. Тағы 20 жыл берсе,  ұдайы қызмет атқаратын боламын.  

Салтанатты жиында президент жанындағы әйелдер ісі мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрмет грамоталары да өз иелерін тапты. Сонымен қатар тәуелсіздіктің 20 жылдығы тақырыбында облыс әкімінің жүлдесіне БАҚ өкілдері арасында жарияланған байқаудың қорытындысы шығарылды.  Жеңімпаздар 4 аталым бойынша анықталды. Үздік бейнесюжет авторы сынында “Хабар” агенттігінің меншікті тілшісі Руслан Оспанов озып шығып, мерейтойлық кеуде белгісін жеңіспен еселеді.

Руслан Оспанов,  “Хабар” агенттігінің меншікті тілшісі:
– Осы марапатты ала отырып,  мен ҚР қызмет етемін деп айтқым келеді. Өйткені әрбір еліміздің азаматы осы сөзді айтып қана қоймай, жүрекпен сезіп, санамен түсінетін болса, еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгі болмақ.  

Дәл осы номинацияның үздік үштігін муниципалдық телеарна  тілшісі Ирина Панфилова тұйықтады.

 Ирина Панфилова,  муниципалдық телеарна  тілшісі:
– Бұл маған ғана емес, сюжет құруда бірлесе жұмыс жасаған арна қызметкерлеріне көрсетілген құрмет деп білемін. Ортақ ісіміз жемісін берді. Осындай байқаулардың ұйымдастырылуы өте орынды. Бәсекелестікте шеберлігіміз артып жинаған тәжірибемізді елдің жарқын болашағына жұмсайтын боламыз.

Үздік видеооператор аталымда “Қазақстан-Петропавл” телерадиоарнасының операторы Жамбыл Жақыпов жеңімпаз деп танылды. Ғаламтордағы ақпараттық сайт құрастырушылар  номинациясында бірінші орынды “Намыс” газетінің сайты жеңіп алды. Баспасөз бетіндегі үздік мақала авторы ретінде республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің жергілікті тілшісі Өмір Есқали бас жүлдеге ие болды.

Жеңіс Ермұқанов