Қоғам

“Менің таңдауым – өмір!”


 

Акцияға қатысушылар омырауларына қызыл таспа таққан. Ол қатерлі дерт – СПИД-пен күрестің нышаны болып табылады. Бұл шараны «Өмір үшін» қайырымдылық қоры СПИД орталығымен бірлесіп өткізіп отыр.

Қарлығаш Ақынова, СПИД орталығының дәрігері:
– 1 желтоқсан – бүкіләлемдік СПИД-пен күрес күні. Бұл күн 1988 жылдан бері аталып өтіледі. Осы күнге орай акция ұйымдастырып отырмыз.  

Аталмыш шараға жастар тартылған. Өйткені қатерлі дерт жөнінде кейінгі буынның барынша құлағдар болғаны жөн. Акцияға қатысушылар бұл індеттің қауіптілігі, оның таралуы мен одан сақтану жолдары туралы мағлұмат бар үнпарақтар мен дискілерді өскелең ұрпаққа таратты.

– Бүгін өте пайдалы ақпарат алдық. Егер күдік туа қалса, қайда барып тексерілуге болатынын білдік.
– Дискілер, үнпарақтар берді. Бұл қосымша мағлұмат. Спид – қатерлі дерт. Одан барынша сақтануымыз қажет.

Бүгінде Қазақстанда ВИЧ инфекциясын жұқтырған 17 мыңнан артық, ал СПИД-пен ауыратын 1400-ден астам адам тіркелген. Бұл дертпен күрес және алдын алу шараларына биыл елімізде 764 млн. теңге бөлінген. Ал алдағы бес жылда бұл мақсатқа 4,6 млрд. теңге бағытталмақ.

 Айымгүл Әбілева