Қылмыс

Пәтер тонаушылар

 

 

Парк көшесінде орналасқан үйдің бір подъезінде екі бірдей пәтер тоналған. Ұрылар баспаналардан алтын бұйымдар мен ақшаны қолды етіпті. Бір қызығы подъезд бөтен адамдардан жақсы қорғалған. Есіктері домофонмен ашылып-жабылады. Бірақ бұл жағдай ұрыларға кедергі болмаса керек.

Қанат Қасенов, СҚО ІІД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

-Ұрылар осы подъездегі пәтерлердің біріне домофон арқылы қоңырау шалған. Ал тұтқаны көтерген әжей болса, үйге кімнің келгенін сұрамастан есікті аша салыпты. Осылайша белгісіз адамдар подъезге кіріп кеткен.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жыл басынан бері облысымызда 1020 пәтер ұрлығы жасалыпты. Соның ішінде 700-ден астам қылмыстың ғана беті ашылған. Осы мәселе бойынша жүргізілген талдауға сүйенетін болсақ, бөтеннің мүлкіне қол сұғушылар өз арам пиғылдарын көбіне күндіз жүзеге асырып отырған. Себебін айтпаса да түсінікті. Бұл уақытта пәтер иелері жұмыста болатыны анық. Ал жабық есікті бұзу ұрыларға еш қиындық туғызбайтын көрінеді.

Қанат Қасенов, СҚО ІІД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

-Міне мына кілттерді таңдау оңай. Бұл ағылшын құлыптары. Ұрлық жасалған пәтерлердің есіктерінде де осындай құлыптар орнатылған болатын.  

 Ал Горький көшесінде орналасқан коттедждің есігін  тонаушылар аша алмағандықтан, терезені сындырып кірген. Үйден алтын бұйымдар мен қаракүзен тондарын ұрлап кеткен. Сөйтіп коттедж иесіне екі миллион теңгеден астам шығын келтіріпті. Тәртіп сақшылары мұндай жағдайлардың алдын алу үшін пәтерге дабыл орнату қажет дейді. Сонымен қатар қарапайым есіктерді темірге ауыстырып, құлыпты мықтау керектігін ескертеді.

Гүлден Төлеген