Спорт

Бокстан Камиль Сафин турнирі


 

Шаршы алаңға 14-15 жастағы балалар шықты. Алайда оларды қанаты қатаймаған спортшылар деп айтуға ауыз бармайды. Кеңес Одағының спорт шебері Камиль Сафиннің айтуынша, бұл бозбалалар әуесқойлар емес. Олардың арасында тәжірибесі талай сайыстарда шыңдалған былғары қолғап иелері баршылық.

Камиль Сафин, КСРО спорт шебері, әлем Кубогының иегері:
– Халықаралық деңгейдегі турнирдің біздің облыста өткізіліп жатқаны солтүстікқазақстандықтар үшін үлкен абырой. Жыл санап спортшыларымыз жақсы деңгейге көтеріліп келеді. Былғары қолғап иелері жас болса да, болашақтарынан зор үміт күттіреді.

Бүгін 32 кездесу өтеді. Алғашқы жекпе-жекке Иван Ковалев шықты. Оның қолғап түйістіріп жүргеніне міне 5 жылдың жүзі болды. Ауыз толтырып айтатын жетістіктерім бар дейді боксшы. Иван осыдан 3 жыл бұрын Степногорскіде өткен халықаралық турнирдің алтын жүлдегері атаныпты. 3 раундқа созылған бұл жекпе-жекте де 44 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен спортшы жеңіске жетті.

Иван Ковалев, ШҚО спортшысы:
Қарсыласым мықты екен. Алайда көп жаттығулардың арқасында жеңіске жеттім. Енді ақтық сынның соңына дейін жетіп, жүлдеге ие болсам деймін.

Нұрлыхан Алшынбаев байрақты додаға Ақмола облысының намысын арқалай келген. 15 жастағы боксшы біздің жерлесіміз Вадим Долгушинге қарсылас болды. Бір орында тұрмайтын спортшы шапшаң қимылының арқасында петропавлдыққа көп соққы жасап, алғашқы кездесуін жеңіспен аяқтады.

Нұрлыхан Алшынбаев, Ақмола облысының спортшысы:
-Мен бір орында тұрмай көп қозғалдым.
Соның арқасында жеңіске жеттім. Мен бұл спортпен көптен бері айналысып келемін.

Бас жүлде үшін Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Алматы облыстары мен Өзбекстан елінің жасөспірімдері күресуде. Желтоқсанның 2-сінде ақтық сында жүлделі орындарға қол жеткізгендер анықталатын болады.

Гүлден Төлеген