Білім

Михаил Ломоносовтың мерейтойына арналған конференция

Ресей тарихында ғана емес, бүкіл әлемде ғалым, ағартушы Михаил Васильевич Ломоносовтың 300 жылдығына арналған шаралар жалғасуда.  Оптика және жылылық, электр және геология, метереология мен өнер, тарих пен химия, сондай – ақ әдебиет және философия – осы салалардың барлығында  Ломоносов із қалдырған. Бүгінгі халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференцияда жиынға қатысушылар өз баяндамаларын оқымақ.

 Жанар Таласпаева, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Тіл және әдебиет институтының директоры:

 

-Конференцияның негізгі мақсаты – М.В.Ломоносовтың еңбек жолын, шығармашылығын, философия ғылымдарына сіңірген еңбегін кеңінен нәсихаттау. Облысымыздың түкпір – түкпірінен 60 – қа жуық мұғалімдер келіп отыр. Сондай – ақ Ресей елінің, Көкшетау мен Астана қалаларының ғылым докторлары өз баяндамаларын әкеліп отыр.  

Конференцияның пленарлық бөлімінде Ломоносовтың шығармашылығы, оның қазіргі кездегі ғылымдарға әсері туралы баяндамалар оқылды. Жиында алғашқы болып Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының профессоры Татьяна Кривощапова баяндама жасап, айтулы мерекеге орай атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

Татьяна Кривощапова, Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының профессоры:

-Конференция М.В. Ломоносовтың 300 жылдығы, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалына 10 жыл толуы сынды үш айтулы оқиғаға орайластырылған. Әр жыл сайын біз тезистердің 2 не 3 томын жарыққа шығарамыз. Аталмыш тезистердің тәжірибелік және ғылыми құндылығы айрықша.

Аталмыш конференцияға өз баяндамасымен келген ұстаздардың бірі Анна Стебленко. Аққайың ауданы, Қиялы елді мекенінде ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалім  бұл шараның   берері мол дейді  

Анна Стебленко,  конференцияға қатысушы:

– «Ломоносов – ұлы тұлға» деген тақырыпта өзімінің баяндамамды әзірледім. Оны дайындау барысында Ломоносов туралы көптеген жаңа мағлұматтарды білу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын.

Ломоносов шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференцияға студенттер де көптеп жиналды. Олар ғылым докторларының баяндамалары арқылы өздерінің білімдерін толықтыруда.

Алена Подласова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 1 курс студенті:

– Мен бірінші курс студенті болғандықтан конференцияға қатысып, М.В.Ломоносов шығармашылығының жаңа қырларымен танысудамын. Осы сынды дарынды адамның өмірбаянын, еңбектерін білмеу ұят деп санаймын.

Басқосуға қатысушылар сондай – ақ секцияларға бөлініп, өзара тәжірибе алмасты.

Жандос Наурызбаев