Қоғам

Ардагер-ұстаз Павел Барильченконың мерейтойы

Соғыс ардагері, ҚР білім беру ісінің үздігі Павел Барильченко бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған. Бүгінде мерейлі 95 жасқа толып отырған қария әлі де тың. Өмірінің жастық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген жерлесіміз қиын шақтарды жиі есіне алады.

Павел Барильченко, мерейтой иесі:
– Соғыс басталған кезде Харьков авиациялық училищесінде оқып жүргем. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін 1943 жылы Курск иініне  майданға аттандым.

«Ерлігі  үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Белоруссия мен Украинаны азат еткені үшін» деген  медальдар оның ұрыс даласында көрсеткен ерен ерлігі үшін берілген. Краснодар пединститутын аяқтап, 1961 жылы Қазақстанға оралған Павел Барильченконы бірден Петропавл қаласындағы №21 мектептің директоры етіп тағайындайды.

Павел Барильченко, мерейтой иесі:
– 1961 жылы Қазақстанға оралғаннан кейін мені №21 мектепке жіберді. Бұған дейін мектеп басқарып көрмегендіктен басында қорқыныш болды. Осы мектепте 22 жыл қызмет еттім. Және ол күндер мен үшін ең жақсы күндер болып есте қалады. Өйткені сол мектепті көтеру үшін барымды салдым.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, Павел Барильченконың тәлімін алған оқушылары ұстаз үмітін ақтап, түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүр. Ал мерейтой иесі басқарған №21 мектептің қазіргі директоры Наиль Салимов та осы кісінің алдын көрген. Ұстазы жайлы ол әрқашан жақсы ойда.

Наиль Салимов, № 21 орта мектептің директоры:
-Павел Яковлевич әрқашан көтеріңкі көңіл-күйде болатын.Өзінің жанға жылы сөздерімен бізді жақсылыққа бастайтын. Ал оның сабақтары өте қызықты өтетін. Әрбір сабағын ұйып тыңдайтынбыз. Әрине мен ұстазымның жолын таңдап, тарих пәні мұғалімі бойынша білім алдым және бүгінде осы мектепте оқушыларға тарихтан сабақ беремін.

Павел Барильченко көпті көрген ұлағатты ұстаз. Сонымен қатар ол тамаша жар, қамқоршы әке және аяулы ата. Білім саласына өлшеусіз еңбек сіңірген оның есімі оқушылары мен әріптестерінің жүрегінде.

 

  
Әспет Абдрешова