Құқық қорғау органдары

«Каспий банкінде» әшкереленген қылмыстық топтың үкімі шықты

 

 Кәсіпкер Виталий Михеенко өткен жылы сәуір айында қамауға алынды. Оған қаржылық алаяқтық жасады деген айып тағылған болатын. Михеенко 2005-2006 жылдары Каспий банкінің қаламыздағы филиалында заңсыз түрде бөгде біреулердің атына қайтарылмайтын негізде несие рәсімдеп, 500 млн. теңге шамасында қаржы жымқырған. Несие алдап көндірген 159 адамның атына рәсімделіпті. Михеенко алаяқтық әрекетін іске жалғыз асырмаған. Ол ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Онымен сыбайлас болған он бір адамға да сот үкім шығарды. Олар «Каспий банкінің» бұрынғы қызметкерлері мен бірқатар кәсіпорындардың мамандары.


Серікжан Ғабдулин, Петропавл қалалық сотының судьясы:
-Михеенко Виталий Михайлович айыпты  деп табылып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырылсын. Екі жыл көлемінде коммерциялық құрылымдарды басқару органдарында басшы қызметтерін атқару құқығынан айырылады. Бүкіл мүлкі тәркіленсін. Жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейді.

Сот үкімі бойынша Михеенконың жеті сыбайласы үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Ал төрт айыпталушы жазаларын шартты түрде өтейтін болады. Сотталғандардың туысқандары  сот үкімімен келіспей отыр.

Татьяна Бондаренко, Владимир Бондаренконың қызы:
– Қалай айыпты болады?  Қауіпсіздік қызметі тек ұсыныс түріндегі қорытынды жасайды. Ол қол қою құқығына ие емес. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылып, бар мүлкі тәркіленетіндей, материалдық жауапкершілікке ие тұлға емес.   

Айыпталушылардың жақындары енді сот шешіміне шағымданбақ ойда.

Айымгүл Әбілева