Құқық қорғау органдары

Ресейде іздеуде жүрген қылмыскер Петропавлда ұсталды

Қылмыскер полицейлердің күдігін бірден туғызған. Сондықтан тәртіп сақшылары бейтаныстың құжаттарын сұрапты. Алайда өзін Александр Логинов деп таныстырған ер адамның тұлғасын анықтайтын еш құжаты болмай шықты. Белгісіз азамат бірден қалалық ІІБ-ның қабылдап бөлу мекемесіне жеткізілді. Бұл жерде оның Петропавлда ұрлық жасағандығы анықталды. Ол полицейлерге өзін Қазақстан азаматы екендігін айтып бақты, бірақ нақты тұратын мекен-жайын айта алмады. Оны кім екенін анықтау үшін тәртіп сақшылары Ресейге сұраныс қағаздарын жіберген еді. Ер адамның аты-жөні жалған болып шықты. Келіп түскен ақпарат бойынша оның Ресей Федерациясы, Алтай өлкесінің 49 жастағы тумасы екені анықталды.  Ол Түмен облысында ұрлық жасағандығы үшін іздеуде жүрсе керек. Қазіргі кезде ер адам тергеу изоляторына қамауға алынды. Петропавл қаласында ұрлық жасағаны үшін оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Қазір күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы тексерілуде.

Гүлден Сәрсенбаева