«Карпузан» деп аталатын құрылғының мейрамхана бизнесінде таптырмас жаңалық болары сөзсіз. Оның ерекшеліктерімен «Park house» қонақ үй компаниясының директоры Татьяна Воробьева Германияда өткен бизнес-тренинг барысында танысқан. Енді оны өз кәсібінде кәдеге жаратпақ. Сол үшін шет елден үлгі ретінде ала келіпті.
Татьяна Воробьева, «Park house» қонақ үй компаниясының директоры:
– Германиялық кәсіпкерлер біздің елмен әріптестік қатынас орнатуға қуана келіседі. Сапар барысында мол тәжірибе жинақтадым. Мен 2 компаниямен жеке кездесу өткіздім. Инновациялық әдістемелермен таныстым.
Өңірімізде «Іскерлік байланыс» жобасы бойынша шағын және орта бизнестің 12 өкілі өздерінің кәсіби біліктіліктерін шыңдапты. Аталмыш жоба 2 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде шетелдік және отандық бизнес-жаттықтырушылардың жетекшілігімен оқудың күндізгі түрі бойынша 4 апталық ақысыз бизнес-жаттығулар өтеді.
Ирина Суворова, “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры СҚО аймақтық филиалының директоры:
– Бұл жаттығулар аяқталған соң қатысушыларға курстарды ойдағыдай тәмамдағаны жөнінде сертификат беріледі. Тренингке қатысушылар оқитын жерге дейінгі көлік шығындары мен Қазақстан аумағында тұрған ақыны ғана төлейді. Екінші кезеңде Германияда немесе АҚШ-та бір айға дейінгі бизнес-тәжірибе жинақтауға барады.
Оқуға баратын кәсіпкер жолақысы мен шет елде тұру үшін шығынданбайды. 21 қараша күні «Іскерлік байланыс» жобасының 5-легін топтастыру басталмақ. Оған да 5 солтүстікқазақстандық кәсіпкер қатысады деп жоспарлануда.