Спорт

Күрестен ашық біріншілік

Жарысқа облыстың барлық аудандарынан және қалалық спорт мектептерінен жасақталған 12 команда қатысуда. Палуандар жиырма бір салмақ дәрежесінде екі боз кілемде күш сынаспақ.

-Есләмбек Бекмұрзин, қазақ күресінен облыстың аға жаттықтырушысы:

 

-Біздің мектебіміздің барлық филиалдарынан келіп отыр. Қосымша Жамбыл, Ақжар аудандарынан спортшылар қатысып жатыр. Ол, әрине, көңілімізге қуаныш орнатады.Ұлттық спорт түрлері соңғы жылдары өзінің жақсы деңгейде дамып жатқандығын көрсетіп жатыр. Бүгінгі жарыс соның бір белгісі.

Алғашқы болып боз кілемге 16 -17 жасар палуандар шықты. Роман Бубновтың қазақша күреспен айналысқанына 2 жыл болыпты. Жарысқа үлкен дайындықпен келген спортшы қарсыластарының жамбасын жер иіскететініне сенімді.

Роман Бубнов, жарысқа қатысушы:

-Белдесу оңай болмады. Бірақ қарсыласымды қапыда қалдырып, алға суырылып шықтым. Ендігі кездесулерде жеңіске жетуді көздеп отырмын.

Біріншіден, бұл бәсеке ауыл жастарының спортқа деген жігерін арттыруды көздейді. Оның ішінде ұлттық спорт түрі қазақша күресті дамыту басты міндет. Айыртау ауданының өкілдері осы жарысқа мықты деген палуандарды үкілеп әкелген.

 Ержан Уәлиев, жаттықтырушы, Айыртау ауданы:

-Айыртау ауданынан 6 спортшы әкелдім. Дайындықтары жоғары деңгейде.Жүлделі орын алуға үміттіміз.

Аталмыш додада биіктен көрінген палуандар облыс құрамасына алынады. Олар Қызылорда облысында өтетін республикалық бәсекеде аймақ намысын қорғамақ.

Жандос Наурызбаев