Білім

Манаш Қозыбаевтың мерейтойы

 

Белгілі ғалым, қоғам қайраткері Манаш ағамыз тірі болса биыл сексенге келер еді. Артында өлмес мұра қалдырған азаматты еске алуға отбасы, замандастары және өскелең ұрпақ жиналды. Олар Манаш Қабашұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, естеріне алды.
Мерейтойға жиналған қауым ғалымның мұражайын аралады. Бұл жерде Қозыбаевтың отандық ғылымға қосқан үлесінен хабардар ететін жәдігерлерді, еңбектерін және жеке заттарын көруге болады. Манаш Қозыбаев танымдық мәні зор талай еңбектер жазумен қатар жас ұрпаққа ұлағатты ұстаз бола білген. Тарих ғылымдарының докторы Абай Тасболатов – академиктің шәкірттерінің бірі.

Абай Тасболатов, ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы, т.ғ.д., генерал-лейтенант:
– Манаш Қозыбаевтың әскери тарихты зерттеуге қосқан үлесі зор. Ол кісінің шәкірті болу мен үшін бір ғанибет болды. Ол тарихты өзіндік тұрғыдан зерттеуге қомақты үлес қосты.

Ал ғалымның халық игілігі мен қазынасына айналған шығармаларының мәні мен маңызы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында терең талқыланды. Жиынды ашқан облыс әкімі Серік Біләлов отандық ғылымды дамыту ел саясатының  негізгі бағыттарының бірі екендігін атап өтті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бұл мерейтой Қазақстанның 20 жылдығы қарсаңында өтуде. Конференцияда Манаш Қозыбаевтың ғылыми жұмыстары талқыланады. Жұмысқа сәттілік тілеймін.

Белгілі ғалымның 80 жылдық мерейтойына орай мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов өзінің «Ақын жанды ғұлама» атты кітабын әзірлепті. Бұл жинақтағы жырлар тек Манаш Қозыбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған. 
Манаш Қозыбаев 800-ден астам құнды ғылыми еңбек қалдырған. Оның жетекшілік етуімен 90-ға жуық ізденуші ғылым докторы мен кандидаты атағын алған. Ғалымның жұбайы Сара Қозыбаева оның бұл ісін жалғастыру кейінгі толқынның еншісінде дейді.

Сара Қозыбаева, М.Қозыбаевтың жары:
– Мен жылда осы қалаға келемін. Екінші үйім секілді. Қандай мәселелер болса да, бірлесе шешуге тырысамыз.

Сондай-ақ Сара Қозыбаева мерейтойға орай студенттер арасында жарияланған мақала байқауының жүлдегерлерін марапаттады.

Марат Мәліков, байқау жеңімпазы:
– Мен Манаш Қозыбаевтың еңбектерін зерттеп, мақала жаздым. Екінші орынға ие болдым. Өте қуаныштымын. Ұлы тарихшының еңбектері жастарға мол өнеге болады деп ойлаймын.

Мерейтойға орай СҚМУ-да тың бастамалар қолға алыныпты. Биылдан ғылыми сайыстардың жеңімпаздары мен дарынды студенттерге Манаш Қозыбаев атындағы гранттар тағайындалмақ. Бұл қуанышқа кенелгендер ішінде тарих және заң факультетінің студенті Исатай Досқалиев та бар.

Исатай Досқалиев, М.Қозыбаев атындағы грант иегері:
– Мен Манаш Қозыбаев атындағы грант иегері болғаныма қуаныштымын. Бұл маған үлкен жауапкершілікті жүктейді. Өзіме артылған сенімді ақтауға тырысамын.

Ғалымның шығармашылығын насихаттауға бағытталған шара білім ордасының ұжымы әзірлеген концертке ұласты.

Инеш Шоқақова