Ауыл шаруашылығы

Неміс ветеринарларымен тәжірибе алмасылды

 

 

Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде биыл өңірімізге шетелден 2 114 бас асыл тұқымды мал жеткізілді. Бүгінде симментал тұқымды ірі қара жергілікті климатқа біртіндеп бейімделіп жатыр. Етті және сүтті бағыттағы мал жоғары өнімді болып келеді екен. Бұл үшін шеттен келген ірі қараға арнайы жем-шөп базасы мен ерекше күтім қажет дейді мамандар.

Қайырболат Маматаев, «Петерфельд-Агро» ЖШС зоотехнигі, Қызылжар ауданы:
– «Петерфельд-Агро» шаруашылығына биыл 399 бас Германиядан симментал сиырларын әкелдік. Бұл малдарға ерекше күтім керек. Ерекше жем-азық дайындау керек. Қазірде пішендеме, сабан, шөп, жем, картоп, сәбіз  – бәрін араластырып қоспа жасап береміз.  

Шетелден келген малдың 60 пайызға жуығы – 1225 бас ірі қара Германиядан жеткізіліпті. Сондықтан осы елден мал дәрігерлері арнайы шақырылған. Олар бір апта бойы өңірдегі асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтарды аралап, жағдаймен танысқан. Шетелдік мамандар жергілікті мал дәрігерлерімен тәжірибе бөлісіп, симментал тұқымды малды күтіп-бағуда аса қажет пайдалы кеңестерін берген. Айтқандай, бұл орайда қазіргі күні бірқатар мәселелер туындаған көрінеді. Нақ осы Германиядан жеткізілген малды қараған кезде 165 бас ірі қарадан инфекциялық ауру анықталған.

Владимир Корабельников, ҚР АШМ агроөнеркәсіп кешеніндегі облыстық аумақтық инспекцияның ветеринарлық бөлімі бастығының орынбасары:
– Малды тексерген кезде 159 бас малдан вирустық диарея анықталды. Шетелдік мамандардың айтуынша, Германияда бүгінгі таңда инфекциялық ауруларға қатысты мәселе жоқ. Сондықтан егу жұмыстарына байланысты шешімді фермерлердің өздері қабылдайды екен. Сондықтан малдың паспортында олар малға екпе жасалған-жасалмағанын белгілемейді. Бүгінде вирустық диареяға қатысты мәселе туындағанымен, бұл мал ауру дегенді білдірмейді. Осы күні мәселені шештік.

Осыған байланысты жергілікті мал дәрігерлері шетелген келген ірі қараға жаппай екпе жасауды ұйғарыпты. Бірақ германдық ветеринарлар малдың төлдегенін күтуге кеңес беріп отыр. Ал торпақтарға төрт айдан кейін вакцина қоюға болады екен. Кездесуде жергілікті мамандар өзге де мәселелер бойынша шетелдік мал дәрігерлерінің кеңестерін алды. Жалпы германдықтар өңірдегі шаруашылықтарда асыл тұқымды малды күтіп-бағу үшін жасалған жағдайдың жақсы екенін айтады.

Хуберт Бур, “Land Vet” ЖШС ветеринары, Германия:
-Мен асыл тұқымды мал өсіретін үш шаруашылықта болдым. Ірі қараға жасалған күтім жақсы. Жем-азық жеткілікті. Асыл тұқымды мал өсіруге жағдай бар. Айтайын дегенім,сіздер таңдауды дұрыс жасадыңыздар. Өйткені симментал тұқымды мал төзімді болып келеді, олар климатқа бейімделе алады. Симменталдар жоғары өнімді – сүтті жақсы береді, әрі етті болып келеді.

Екіжақты әріптестік алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Келісім бойынша, шетелдік мамандар бір жыл бойы жағдайды бақылап, малды күтіп-бағуда мәселе туындаса, жәрдем көрсететін болады.

Айымгүл Әбілева