Аптадағы маңызды жаңалықтар

Саяси кеңес бюросының отырысы

 

 

 

Үстіміздегі жылы әлеуметтік маңызы бар нысандарда 43 партиялық бақылау бекеті құрылған. Оның құрамында 126 адам жұмыс істейді. «Бизнестің жол картасы -2020», «Халықты жұмыспен қамту-2020» бағдарламаларының жүзеге асырылуы да партиялық бақылау бекеттердің жіті бақылауында.

Әлім Шүкенов, СҚО бойынша партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:
– Облыс орталығында «Балапан» бағдарламасының аясында қолға алынған 320 орынға шақталған балабақшаның құрылысы уақытылы жүргізіліп жатқан жоқ. Құрылыс материалдары мен жұмыс күші жеткіліксіз. Дәл осындай жағдай Айыртау ауданы Кирилловка ауылындағы орта мектептің құрылысында да орын алған. Екі нысанның мердігер компаниясы «Севимстальком» ЖШС.

Сондай-ақ жиында жемқорлыққа жол берген мемлекеттік органдар  жетекшілерін тәртіптік және партиялық жауапкершілікке тарту мәселесі сөз болды. Өңірдегі барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдарында сенім телефондары жұмыс істейді. Жемқорлыққа қарсы күресті қоғамдық кеңес те жүргізуде. Алайда бұған қарамастан жемқорлық пен оған жағдай туғызатын жәйттер саны азаяр емес. Әр аудандағы партия филиалдарында бірқатар олқылықтар орын алған.

Серік Алмолдин, жемқорлықпен күрес жөніндегі облыстық қоғамдық кеңес төрағасы:
– 2011 жылы өңірімізде 71 тәртіптік және жемқорлық фактісі тіркелді. М.Жұмабаев және Ғ.Мүсірепов аудандарында – 9 , ал Айыртау және Мамлют аудандарында олардың саны 6-ға жеткен. Ақжар ауданында 11-і тіркелді. Үстіміздегі жылы жемқорлыққа жол берген түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғаларға қатысты 13 қылмыстық іс қозғалды.

Мұндай тәртіп бұзушылыққа жол бергендер заңды білмегендіктерін сылтаурататын көрінеді. Сонымен қатар партияның аудандық филиалдарында партиялық бақылау комиссиясының атқарған жұмыс есебін дер кезінде тапсыру мәселесі де ақсап тұр.
Мұндай олқылықтарға жол берген Айыртау және Тайынша аудандарының «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасарлары жұмысынан босатылды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Партиялық тәртіпті сақтамай, партиялық бақылау комиссиясы жұмысының есебін дер кезінде тапсырмаған. Сондай-ақ жемқорлыққа қарсы күрес қажет деңгейде жүргізілмейді. Мұндай олқылықтарға жол берген «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалдары мен Петропавл қаласы филиалының төрағалары партиялық жауапкершілікке тартылсын.

Сондай-ақ облыс орталығының жылыту маусымына әзірлігі де назардан тыс қалмады. Қаладағы 71 білім беру нысанында жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталған. Көпқабатты тұрғын үйлердегі даярлық жұмыстары да жоспарға сай атқарылған.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
– Көпқабатты тұрғын үйлер негізінен жылыту маусымына дайын. Алайда жеке сектордың қысқа әзірлігі баяу. Заречный кентіндегі 21 тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етуге бюджеттен 45 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта 845 метрлік жылу трассасын орнату жұмыстары аяқталуға жақын. 1 желтоқсанға дейін жүйе іске қосылмақ.

Жиын соңында 7 адамға салтанатты түрде «Нұр Отан» ХДП-ның партиялық билеттері табысталды.Сондай – ақ жиында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес құрамына бірқатар өзгертулер енгізілді.

Инеш Шоқақова