Құқық қорғау органдары

Полицейлер тұрғындармен кездесті

 

 

 

 

Тимирязев ауданының тәртіп сақшылары адам өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру, тонау және зорлық қылмыстарын толықтай ашуда оң нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Полицейлер тіркелген 17 пәтер ұрлығын түгел ашыпты. Кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған қылмыс саны да екі есеге азайған.

Серік Шаинов, Тимирязев АІІБ бастығы:
– 2011 жылдың 9 айы ішінде аудан аумағында 103 қылмыс тіркелді. Олардың 94,5 % ашылды, әсіресе ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуға көп көңіл бөлінді.

Алайда тұрғындарды мал ұрлығы мәселесі алаңдатып отыр. Көбіне қараусыз, далада бос жүрген мал қолды болатын көрінеді. Кездесуде аудан тұрғындарына қылмысты тергеу барысындағы өзгерістер мен көші-қон заңнамасындағы жаңашылдықтар жайлы айтылды. Сонымен қатар солтүстікқазақстандық полицейлердің жұмысының негізгі бағыты да сөз болды.

Мұрат Ұрұмханов, СҚО ІІД-нің бастығы:
– Біз қылмыстарды тіркеу жұмысын қатаң бақылауға алдық, бұл бағытта сұраныс та күшейтілді. Адамдардың құқық қорғау органдарына жазған барлық арыздары міндетті түрде тіркеліп, олар бойынша нақты шаралар қолданылуы тиіс.

Облыстық ІІД бастығы тұрмыс жағдайындағы ауыр қылмыстардың дені ащы судың салдарынан болатынын атап өтті. Сондай-ақ облысымызда мүліктік қылмыстар жиі тіркелетін көрінеді. Аудан тұрғындары кездесуге белсенді қатысып, облыстың бас полицейіне өз сұрақтарын қойды. Кездесу соңында СҚО ІІД бастығы Мұрат Ұрұмханов азаматтарды қабылдау өткізді.

Инеш Шоқақова