Қайырымдылық

Ботаникалық баққа саяхат

 

 

 

 

 Саяхат ерекше көркемдігімен танымал «Қысқы бақты» аралаудан басталды. Мұнда әсемдігімен көздің жауын алатын өсімдіктердің 300-ден астам түрін көруге болады. Қарттарды олардың әрқайсысының тарихы мен өсіру технологиясы ерекше қызықтырды.

Ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, өмірлерін дарынды шәкірт оқытуға арнаған ардагер ұстаздардың бүгінгі күні алған әсерлері мол. Нелли Герасимова ботаникалық бақта соңғы рет 36 жыл бұрын болыпты. Қазіргі таңда бақ танымастай өзгерген дейді ол. Талай жылдан бері жаңарып, тың экспонаттармен толыққан.

Нелли Герасимова, ардагер ұстаз:
Ботаникалық бақтың өзгергені соншалық, мұнда өмірімде бірінші рет келіп тұрғандаймын. Барлығы өте әдемі, жаңа, қызықты. Бізді әрдайым ұмытпай, түрлі шаралар ұйымдастырып отырған мектеп ұжымына алғысымды білдіремін.

Бұл күні саңырау балаларға арналған облыстық мектеп-интернат оқушылары да «Қызылжар оранжереясымен» танысу мүмкіндігіне ие болды. Олардың біріне түрлі-түсті гүлдер ұнаса, енді бірі мұндағы жануарлардан көзін ала алмады. Өткен жылы қарттар мен мүгедектер айлығында ботаникалық бақ бір жарым мыңнан астам келушілерді қабылдаған. Биыл да зор ықыласпен саяхат өткізуде.

Равиль Рязапов, «Қызылжар оранжереясының » директоры:
– Біз қаламыз бен елімізде өткізілетін барлық акцияларды қолдаймыз. Қарттар мен мүгедектер айлығы аясында келушілерді қуана қарсы алуға әзірміз.

Бір апта ішінде “Қызылжар оранжереясы” 500-ден астам келушілерді қабылдап үлгеріпті.

Инеш Шоқақова