МТРА жаңалықтары

«Жасыл қала – дені сау ұлт»

 

 

 

 

Көшеттер алдымен Жұмысшы кентінде егілді. Қаланың бұл бөлігін жасыл желекпен көмкеруге облыс және қала әкімдігінің қызметкерлері білек сыбана кірісті. Жоспар бойынша Жұмысшы кентінде 150 ағаш тамыр жаюы тиіс. Көпжылдық өсімдіктердің алуан түрлі тұқымы таңдалыпты. Келер жылдан қаламыздың шалғай ауданында аққайың, үйеңкі, жұпаргүл бұршақ жарады деп күтілуде. Тұрғындар айнала көгалданып, көркейіп жатқанына дән риза.

Людмила Королькова, Жұмысшы кентінің тұрғыны:
-Мен осы кентте туып-өскен едім. Сондықтан осы аумақтағы көптеген оң өзгерістердің куәгерімін. Бұрын біздің көшелеріміз батпақтың астында қалатын. Ал қазір әкімшілік төсеп берген тас жолдың үстімен жүреміз. Енді міне, жасыл желектер отырғызылып жатыр.
Игі шарадан Бензорстрой ауданы да тыс қалмады. 50 көшет Гагарин көшесінің бойына отырғызылды. Бұл маңды көгалдандыру жұмысы бекерден қолға алынған жоқ. Жақында кентте жаңа көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Ал жаңа саябақ осы баспана тұрғындарының таптырмас демалыс орнына айналатыны айқын.

Қайрола Ғалеев, Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі бастығының міндетін атқарушы:
-Бұл акция біздің қаламыздағы экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Шараның мақсаты шеткері аудандарды көгалдандыру болатын. Оны жүзеге асыруымызға СҚО-ның табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы көмектесті. Олар ағаштарды тегін берді.

Ағаш отырғызу акциясына облыстық Есіл экологиялық департаментінің мамандары да белсенді түрде атсалысты. Олар табиғатты абаттандыру ісіне барлық солтүстікқазақстандықтарды шақыруда.

Қанат Мұсапарбеков, Есіл экологиялық департаментінің СҚОФ бас мемлекеттік экология инспекторы:
-Бүгінгі акция әкімшіліктің қолдауымен жүріп жатыр. Мұндай акциялар әлі де жалғасын табады. Біз экологиялық департамент болған соң қатысып жатырмыз.

Қаланың сәулеті мен дәулеті болып табылатын ағаштар 19-шы шағын ауданда да отырғызылды.

Гүлден Төлеген