Денсаулық сақтау

Травматология бөлімшесінің мерейтойы

 

 

 

 
 

40 жыл бойы ақ халатты абзал жандар түрлі жарақат алған тұрғындардың сырқатынан айығуына қол ұшын беруде. Мекемеде дәрігерлердің біліктілігін арттырып, заманауи құрылғыларды меңгеруге де ерекше назар аударылады. Соның арқасында күрделі оталарды өңірімізде жасауға жол ашылып отыр.

Марат Омаров, 3-ші қалалық аурухананың травматолог- дәрігері:
– Біздің бөлімшеде жаңадан оталар жасала бастады. Бізге операциялық блок берілді. Буынды біз бұрын кесіп, ашып, тазалайтын болсақ, қазір ортоскопиялық аппаратпен ішін тазалап емдейміз.

Сондай-ақ жамбастың басын ауыстыру бойынша да оталар жасалуда. Бұл жаңашылдықтарға науқастар да риза. Дулат Әліпаевты тізе жарақаты қаңтар айынан мазалай бастаған. Кейін ота жасауға тура келіпті. Бұл істі мінсіз орындаған дәрігерлерге оның алғысы шексіз.

Дулат Әліпаев, науқас:
– Мен 17-сі күні түстім. Екінші күні таң ертең ота жасады. Дәрігерлерге алғысым шексіз. Құттықтаймын.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Шалғынбай Баймағанбетов осыдан 10 жыл бұрын бөлімше меңгерушісі болып қызмет еткен. Ол өз әріптестерін айтулы күнмен құттықтай келіпті.

Шалғынбай Баймағанбаетов,  жарақат және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары, Астана қаласы:
– Соңғы 10 жыл ішінде бірқатар өзгерістерді байқадым. Аурухананың материалдық-техникалық базасы жақсара түскен. Сондай-ақ дәрігерлер шет елдерде біліктіліктерін арттырып отырады. Бұл СҚО-да денсаулық саласының жыл санап дамып келе жатқандығын көрсетеді.

Травматология бөлімшесі 70 адамға шақталған. Мұнда түрлі дене жарақатын алған солтүстікқазақстандықтар дер кезінде кәсіби көмек алу мүмкіндігіне ие. Ол үшін дәрігерлер аянбай еңбектенуде.

Артем Колесник, 3-ші қалалық аурухана дәрігері:
– Мен ауруханада шілде айынан бастап жұмыс істеймін. Бұған дейін 9 жыл бойы Қарағанды қаласында еңбек еттім. Мекеме ұжымы өте жақсы қабылдады. Тұрғындарға шұғыл көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Әріптестерімді мерейтоймен құттықтаймын.

Бөлімше мамандарының 40 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері аз емес. Тұрғындарға медициналық көмек көрсету сапасы алда арта бермек.

Инеш Шоқақова