Балалар

Ауылдағы шағын орталық

Якорь ауылында соңғы 15 жылда бүлдіршіндерге мектепке дейінгі тәрбие беретін бір де бір мекеме болмапты. Бүгінде мұнда 5 жасқа дейінгі 150-ге тарта бүлдіршін бар екен. Якорьлықтардың көптен күткен армандары орындалып, “Балапан” бағдарламасы аясында шағын орталық ашылды. Білім беру мекемесінің таспасы кесіліп, алғашқы тәрбиеленушілерін қарсы алды. Шара Қожықова орталыққа Жазира мен Индира есімді немерелерін жетектеп әкелді. 5 бірдей немере сүйген әжей балабақша кезегін ұзақ күтіпті. Үлкен екі немересінің кезегі жетпеген шағын орталық қызығын тым болмағанда өзгелері көретініне қуанышты.

Шара Кожықова:
-Көптен бері біздің орталықта ешқандай балабақша болмай, көп мәселелер туындап жүрген. Енді соның екеуі мына шағын орталыққа келгеніне қуаныштымыз. Жақсы тәлім-тәрбие алады деп үміттенемін.

50 орынға шақталған орталықта жеткіншектердің ой-өрісінің дамуына барлық жағдай жасалған. Шығармашылық дарындарын ашуға да мүмкіндік бар. Балдырғандар бес уақыт тамақтанады.

Шәйзат Жүнісова, Якорь орта мектебінің директоры:
– Қазір ата-аналар қуанышты. Өйткені өздері жұмыста болғанда балалары осы орталықта тәрбиеленеді. «Қарлығаш» бағдарламасы бойынша жұмыс істейміз. Бар қажеттілік орталықта жасалған.

Бүлдіршіндермен орталықта 11 маман жұмыс істейді. Татьяна Ломакина биыл гуманитарлық колледжді бірітіп, еңбек жолын осы орталықтан бастаған.

Татьяна Ломакина, тәрбиеші:
-Диплом алып, бірден осында жұмысқа тұрдым. Мен балалармен жұмыс жасағанды ұнатамын. Олардың білгендеріне сапалы білім қосу үшін барымды саламын.

Бұл осымен биылғы жылы Қызылжар ауданында ашылған 10-шы шағын орталық. Жалпы ауданда 46 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның 4-уі балабақша. Бүгінде қызылжарлық бүлдіршіндердің 68 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылыпты. Жыл соңына дейін тағы осындай бес тәрбие беру орны ашылмақ.

Жеңіс Ермұқанов