Білім

“Мен және сен қазақша сөйлейміз”

 

 

 

 

Қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен мемлекеттік тілді терең меңгеруге деген ынтасы зор Лада Горошко байқауға зор жауапкершілікпен дайындалыпты. Ол өзінің жеңіске жетеріне сенімді. Өйткені қазақ тілін үйренуге жастайынан ден қойған.

Лада Горошко, байқауға қатысушы, Ақжар ауданы:
-Мен қазақ тілін білу керекпін деп санаймын. Басқа балалармен бірге сайысқа түсетініме өте қуаныштымын. Мен өз ауданымды қорғамақ болып келдім.

«Мен және сен қазақша сөйлейміз» байқауына әр ауданнан 20-дан астам үміткер қатысты. Олардың әрбірі 3 кезең барысында қазақ ақын- жазушыларының туындыларынан үзінді оқып, мақал-мәтел білгірлері екендігін дәлелдеуге тырысты.

Руслан Евтушенко, байқауға қатысушы, Есіл ауданы:
– Мен осы конкурсқа бірінші рет қатысып отырмын. Бірінші орын аламын деп сенемін.

Аяна Дзортова,  байқауға қатысушы, Қызылжар ауданы:
– Қазақ тілі маған өте ұнайды. Мен оны 1 сыныптан бастап оқимын. Сайыста бірінші боламын деп үміттенемін.

Қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен әдебиетін насихаттау мақсатындағы байқаулар игі дәстүрге айналған. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасын арттыру үшін бірқатар жобалар іске асырылуда.

Сағындық Салмұрзин, «Ұрпақ» қазақ мәдени-ағарту орталығының төрағасы:
-Біз пилоттық жоба жасадық. Лингвистикалық лагерь аштық.  Басқа ұлт өкілдері мен шетте жүрген бауырларымызды шақырдық. Бұл жобаны ендігі жылы да жалғастырамыз.

Облыстық байқаудың жеңімпаздары диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Инеш Шоқақова