Құқық қорғау органдары

“Ауыл жолы” шарасы

 

 

 

Жол полициясы ағымдағы жылдың 9 айында облыс аумағында жол-көлік оқиғасы көбейді дейді. Осы жолы 228 апат орын алыпты. Соның салдарынан 41 адам көз жұмған. Жол апаттарынан балалар да жапа шеккен. Олардың басты бөлігі ауылдық жерлерде болған дейді мамандар.

Болат Дүйсенов, СҚО ІІД ЖПБ бастығының орынбасары:
-Жастар көлігінің жылдамдығын асырғанды жақсы көреді. Соның салдарынан жол-көлік апатына ұшырап, ауыр жарақаттар алып жатады. Меніңше осы мәселенің  де алдын алу керек.

Тәртіп сақшылары үшін шешімін таппай келе жатқан бұдан басқа қиындықтар толып жатыр. Мәселен, кейбір селолық округтерде әлі күнге дейін жол полициясы қызметкерлері жетіспейді екен.
Жиынды пайдаланған ауыл тұрғындары тәртіп сақшыларына өздерін толғандыратын жеке сұрақтарын да қойды. Олар негізінен көлікті қайта жабдықтау, оны техникалық тексерістен өткізу мен айыппұл төлеу тәртібі туралы болды. Сонымен қатар осы істерге қатысты өз ұсыныстарын жасады.

-Кейбір жүргізушілер кәсіпорын машинасын пайдаланып, ережелерді жеңіл бұза салады. Себебі айыппұл одан емес, серіктестік иесінен алынады. Осы мәселені қарастырған жөн.

Кездесу соңында «Ауыл жолы» акциясының нәтижесі қорытындыланды. Жол полициясы қызметкерлерінің айтуынша 3 күн ішінде жол ережесін өрескел бұзған 700-ден астам жүргізуші тіркелген. Оның ішінде 310 адам  жылдамдықты асырса, 94-і қауіпсіздік белдігін тақпапты. 84 темір тұлпар иесі мас күйінде рөлге отырған.

Гүлден Сәрсенбаева