Спорт

Ирина Сорокина – Азия чемпионатының екі мәрте жүлдегері

Қазанның 9-14 аралығында өткен Азия чемпионатында ел құрамасының намысын  суда жүзу спортының 39 шебері қорғады. 20-а жуық мемлекет спортшылары қатысқан жарысқа дайындық қызу жүргізілді дейді жаттықтырушы.

Александр Савельев, ОРМБЖСМ аға жаттықтырушысы:

 

 

-Аталмыш чемпионатқа дайындық Алматы қаласында шілде айында басталған болатын. Спортшылар мүмкіндіктерінше намысты қолдан бермеуге тырысты. Бапкер ретінде нәтиже көңілімнен шығып отыр.

Бүгінде Ирина Сорокина ел құрамасына қосылған мықты жүзгіштердің бірі. 7 жасынан осы спорт түріне ден қойған Ирина байрақты додаларда елеулі жетістіктерге жетіп жүр. Аталмыш жарыста жерлесіміз 50 және 200 метрлік қашықтыққа жүзіп, үшінші келді.

Ирина Сорокина, Азия чемпионатының қола жүлдегері:

-Басты қарсыластарым Күншығыс елінен болды. Жүзудің қыр-сырын меңгерген спортшылардың дайынтықтары мықты болғаны көрініп-ақ тұрды. Әйтсе де, намысты қолдан бермеуге тырысып, екі бірдей қола медаль алып қайттым.

Ел құрамасында сондай-ақ Игорь Сорокин де өнер көрсетті. Осы спорт түрімен жетінші жыл қатарынан шұғылданып келетін спортшы аталмыш жарыста қарсыластарына есе жіберіп алған.

Игорь Сорокин, спорт шебері:

-Азия ойындарына дайындық жауапты түрде өткізілді. Бірақ өзге мемлекеттің жүзгіштері мықты болып шықты. Алдағы уақытта жіберген қателіктер бойынша жұмыс жасамақпын.

Азия чемпионатында жапондықтар бірінші орыннан көрінсе, Қазақстан құрамасы күміс алқаның иегері атанды. Енді, спортшылар өзге жарыстарда алтыннан алқа тағынуды көздеп отыр.

Жандос Наурызбаев