Спорт

Борамбай Балсейітовті еске алу турнирі

Борамбай Балсейітов өңірімізде бокстың дамуына сүбелі үлес қосты. Өзі былғары қолғап шебері болмаса да, жасөспірімдердің салауатты өміріне база назар аударған. 2004 жылы дүниеден озған Борамбай ағаның еңбегі спортшылардың жадында.

Сәбира Балсейітова, Б.Балсейітовтың жұбайы:

-Бүгінгі күні жұбайымның қалдырған ісін жалғастырып келеміз. Қазіргі таңда боксқа ден қойып, рингке шығамын деп талпынған жеткіншектер қатары қалың. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Аталмыш жарыстың қатысушыларына тек қана жеңіс тілеймін.

90 -ға тарта былғары қолғап шеберлері 18 салмақ дәрежесінде өзара мықтыларды анықтауда. Ғ.Мүсірепов ауданының намысын қорғауға келген Сергей Маляров спорттың бұл түріне 2 жыл бұрын бет бұрған. Аталмыш додада 32 келі салмақ дәрежесінде қарсыласын қапыда қалдырды.

Сергей Маляров, турнирге қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

-Алаңдағы қарсыласыммен күш сынасу оңай болмады. Бірақ басымдылық танытып алға суырылып шықтым. Осы жарыста жеңіске жету – менің мақсатым.

 

Жүзден жүйрік озатын тартысты бәсеке қорытындысы үш күннен кейін шығарылып, мықтылар анықталмақ.

Жандос Наурызбаев