Құқық қорғау органдары

Заңсыз аңшылық

 

 

 

Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері аудан аумағында рейдтік шаралар өткізу кезінде атылған мылтық дауысын естіген. Оқиға Кеңес ауылынан үш шақырым жерде болған. Ағаш арасын тексеруге кіріскен тәртіп сақшылары көп кешікпей орман ішінде «Нива» автокөлігін байқайды. Ал оның жүргізушісі ағаш арасымен қашуға әрекет жасаған. Алайда бұл ойын жүзеге асыруға полицейлер кедергі болды. Темір тұлпардың жүк салғышында табылған қан іздері тәртіп сақшыларының күдігін растады.

Алмат Дүйсекин, СҚО ІІД табиғат қорғау полициясы бөлімшесінің инспекторы:
– Жыл басынан солтүстікқазақстандық полицейлер заңсыз аңшылықтың 158 фактісін әшкереледі. Оның 6-на қатысты қылмыстық іс қозғалды. Өзге тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.   

Бұл жолы қолға түскен браконьер Тайынша қаласының 36 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол бауыздалған сібір елігі, пышақ пен 16 калибрлі аңшы мылтығын шөп арасында жасырмақ болған. Күдікті мылтықты жуырда сатып алып, тіркелмеген қаруды заңсыз сақтап жүріпті. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар ұсталған ер адам заңсыз қару сақтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.

Инеш Шоқақова