Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ауылды көркейтуге атсалысқандар марапатталды

 

 

 «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» жастар марафон-эстафетасына облысымыздың 24 000 жас азаматы қатысыпты. Олар өңірімізде 1600  орынды қоқыстан тазартып, абаттандырған. Республика деңгейінде өткен ауқымды шараға біздің өңір алғашқылардың бірі болып кіріскен еді. Осы орайда аудандар жастары аса үлкен белсенділік танытты. Әсіресе, уәлихановтықтар  үздік нәтижеге қол жеткізген. Олар Жамбыл ауылында жаңа стела тұрғызып, елді мекендерді түрлі композициялық мүсіндермен сәндеді.

Әлия Азманова, Уәлиханов аудандық әкімдігінің бас маманы:
-Акция аясында көптеген игі істер атқарылды. Ауданда көшелерді тазарттық. Саябақтар мен аулалар тазартылды. Акция аясында 40 отряд құрылып, оған 2000 адам жұмылдырылды.

Туған жерін абаттандыруға жасотандықтар да білек сыбана кіріскен. Бүгінде Петропавлда бұл ұйымға мүшелік ететін жастар саны 1500-нан асады.

Жасұлан Саулембеков,  «Жас Отан» ЖҚ қалалық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары:
-“Жас Отан” ЖҚ күшімен былғары зауытының маңында жаңа спорт алаңы тұрғызылды. Оған мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінген жоқ. Бұл жастардың өздері жинаған ақшаларына істелінді. Біз бұл игі істерді тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арнаймыз.

Еліне қамқор азаматтардың халқы үшін атқарған жұмыстары аға буын өкілдерінің назарынан тыс қалмады.

Петр Гладков, ҰОС ардагері:
-Тазалық шарасына мектеп оқушылары, студенттер мен арнайы отрядтардың жаппай қатысқаны қуантады. Біздің өңіріміз одан бетер көркейе түсіпті. Нәтиже көз алдымызда.

Отанын көркейтуге ниет танытқандардың арасында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша еңбек жолын ауыл-селодан бастаған жас мамандар да қатысты. Олар “ауылға келгелі баспана алып, қызметке тұрдық, енді әр алымның берері бар емес пе?” – дейді.

Алтынай Үсенова, Ильинка орта мектебінің мұғалімі, Есіл ауданы:
– Өз отанымыздың ертеңі үшін үлкен жауапкершілікті сезінеміз. Бұл сезім бізге білім алып, кәсіптік қызметімізді таңдау алдында тұрғанда маңызды шешім қабылдау үшін көмектеседі.

Жастардың еңбегін облыс әкімінің орынбасары Фархат Қуанғанов та оң деп бағалады.

Фархат Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:
– Болашақ ұшқыр ойлы, белсенді жастардың қолында. Сіздер жастар Елбасы тапсырмаларын орындау жолында игі істерге араласып, елді-мекендерді көркейту бойынша көп жұмыс атқардыңыздар.

Тың жобаның жабылу салтанатында сахнаға аудандар өкілдері шақырылды. Олар өздері мақтаныш тұтатын елдімекендерінің туын биікке желбіретіп шықты. Кейін жастар қала бойынша автожарыс ұйымдастырып, облыс орталығын аралады. Олар алдымен Тәуелсіздік стеласын тамашалады. Атап өтетіні әр аудан өкілі өз жерінде дәл осындай ескерткіш орнатуды көздеп отыр.

Әлібек Байзақов, Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:
-Мен марафонға қатысушымын. Бүгін осы Қызылжар қаласының әдемі, көрікті жерлерін аралап жүрміз. Қала өте әдемі, көркейіпті. Қатысушылар жақсы жинапты.

Кейінгі толқын туған өлкені көріктендіруге бағытталған марафонды ендігі жылы да жалғастырамыз деген ой тастады.

Гүлден Төлеген