Спорт

Мектеп жанындағы жаңа футбол алаңы



 

Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицей бүгінде озық оқу орындарының қатарында. Ел тәуелсіздігімен бірге жасап келе жатқан білім ошағына биыл жиырма жыл. Осыған орай қалалық әкімдік білім ордасына шағын футбол алаңын салуға сертификат табыс еткен болатын. Енді міне жоба жүзеге асты. Салтанатты шара Елорадада өтіп жатқан Солтүстік Қазақстан облысының мәдениеті күндерімен тұспа-тұс келді.

Елена Коноплева, Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицей директоры:

-Осыдан екі апта бұрын біз интерактивті екі биология кабинетін алсақ, бүгін жаңа шағын футбол алаңын ашқалы тұрмыз. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Мемлекет тарапынан көрсетіп отырған қолдауды сезініп отырмыз. Оқушыларымыз дене шынықтыру сабағын жаңа алаңда өткізу мүмкіндігіне ие болды.

Алаңға қалалық қазынадан 5 млн теңгеге жуық қаражат құйылған. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айында басталып, бір айдай жүрді. Мектеп оқушылары айтулы күнге орай мерекелік шара ұйымдастырды. 450 шаршы метрді алып жатқан шағын футбол алаңы оқушылар игілігіне тапсырылды. Оны салтанатты түрде ашу рәсімі лицей оқушысы, көркем гимнастика облыс чемпионы Валерия Кревсунға берілді.

Валерия Кревсун, көркем гимнастика облыс чемпионы:

-Мен өте қуаныштымын. Енді спортпен айналысамын деген әр оқушыға жол ашық. Арманымызға қол жеткіздік.

 Алаңға бірінші болып шыққан 6 сынып оқушылары өзара жолдастық кездесу өткізді. Қуанышқа толы жеткіншектер қызу ойынға берілді. “Білім беруді дамыту” бағдарламасы аясында алдағы уақытта облыс орталығында тағы үш мектеп осындай алаңға ие болмақ.