Қоғам

Өзіне-өзі қол жұмсау көбейді

Жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауы көбейіп кеткен. Қоғам үшін өзекті мәселенің бірнеше себебі бар дейді мамандар. Жастар жеке басына түскен қиындықтарға төтеп бере алмайды. Болмашы бір оқиғалардан жүйкелері жұқарады. Олар мәселені- өмірмен қоштасып шешпекке бел буады. Мұның алдын алу ата-ананың қолында. Күйбең тірлікті қуған ересектер баласына көңіл бөлуді ұмытып кетеді. Кейде оны толғандыратын мәселе жайында сөйлесуге де мұршасы келмейді. Ал мұндай қамқорлық жасөспірім шақта әсіресе қажет-ақ. Оқытушылар мен психотерапевтер арасында өткен бүгінгі диолог осы тақырыпты арқау етті.

Берік Ракушев, «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» қоғамдық қорының директоры:
-Бұл бірінші іс-шарамыз. 2-3 шарамыз облыстық семинар өткізуге бағытталған. Онда ол тақырып бұдан да тереңірек ашылады деп ойлаймын. Алыс жатқан аудан психологтарымен кездессек деймін.

Өзіне-өзі қол жұмсау әрекетіне адам бірден бармайды. Бұл біртіндеп жиналған қиындықтардың салдарынан туындайды. Яғни, күнделікті ауыртпашылықтар жүйкенің жұқаруына әкелетіні рас. Сондықтан баланың көңіл-күйін әрдайым бақылап жүрген абзал. Мамандардың айтуынша, бұндай жағдай әсіресе 13 жастағылар арасында жиі ұшырасады екен.

Татьяна Афонькина, облыстық психоневрологиялық диспансердің жасөспірімдер психотерапеві:
– 2009 жылы қала бойынша 31 адам өзіне-өзі қол жұмсаған. Ал ауылды аймақта дәл сондай себеппен 50 адам көз жұмған. 2011 жылы Петропавлда 19 өлім тіркелген. Ауылдарда бұл көрсеткіш тағы 50 адамға жеткен.

Соңғы уақытта мамандар  өзіне-өзі қол жұмсаушылар қатарын азайту мақсатында қоғаммен бірлескен жұмыстарды жиі өткізетін болған. Әсіресе, білім мекемелерінде жеке ақыл-кеңес беру ісін қолға алуда.

 Гүлден Төлеген