ТКШ

Тұрмыстық қалдықтар да кәдеге жаратылады

 

 

 

Облыс орталығында мамыр айынан бастап тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қағаздар мен қайта өңдеуге келмейтін қоқыстарды бөлек жинастыру тәжірибесі енгізілуде. Пилоттық жобаны жүзеге асыруды «Мюльсервис» ЖШС өз мойнына алған. Бұл жаңашылдықтың арқасында тұрмыстық қалдықтар полигонына жөнелтілетін қоқыстың көлемін азайтып, қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды кәдеге жарату көзделуде. Жоба әзірге қаланың бір ауданында ғана қолданылады.

Олег Логовский, жобаның құрастырушысы:
– Бұл жоба біздің қаламыздан бастау алды. Егер оң нәтижелер болса, республикалық деңгейге шығару ойда бар. «Березка» дүкенінің маңындағы үйлердің тұрғындарымен насихат жұмысын жүргізудеміз. Сондай-ақ 13 кәсіпорынмен келісімшарт жасадық.

Тың жоба мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Оны жүзеге асыру қала тазалығын сақтаумен қатар қоршаған ортаны ластамау үшін де тиімді.

Сергей Худяков, Петропавл қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:
– Тұрмыстық қалдықтардың 70 пайызынан астамын пластикалық бөтелкелер құрайды. Өркениетті елдерде жүзеге асырылатын жүйені енгізе алсақ, қоқыс алаңына түсетін тұрмыстық қалдықтардың көлемі 3 есеге азаймақ. Қоршаған ортаға келтіретін зиян да аз болады.

Алайда тұрғындардың арасынан бұл жобаны қолдаушылармен қатар оның болашағына күмәнданатындар да табылды.

– Бұл, әрине, дұрыс қадам. Бірақ нәтижесін көру үшін уақыт қажет деп ойлаймын. Тұрғындар көбіне жалқаулық танытады.
– Мен шыны мен қағаз қалдықтарын бөлек жинап төгемін. Қалада тазалық болуын қолдаймын.
– Менің ойымша, бұл жобаның кең қолдау табуы екіталай. Тұрғындар қоқысты бөліп, уақыттарын кетіруге әлі дайын емес деп ойлаймын.

Ал жобаның нақты қорытындысы қараша айында шығарылмақ.

Инеш Шоқақова