Қоғам

Қазан – ауылды өркендету айы



Ауылды көркейтіп, тұрғындардың жағдайын жақсарту мақсатында елімізде 2004 жылы арнайы бағдарлама әзірленді. Ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламасы Елбасы тапсырмасына сай қолға алынды. Алты жыл ішінде облысымызда ауқымды шараларды жүзеге асыруға 73 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Оның 28 млрд. жуығы республикалық бюджеттен, ал 45 млрд. теңге жергілікті қазына мен өзге қаржы көздерінен бағытталыпты.

Гүлнәр Алпысбаева, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының ауылдық аймақтарды дамыту бөлімінің бастығы:
-Бағдарлама аясында өңір ауылдарында 19 білім беру нысаны, 19 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы аяқталып, қалпына келтірілді. Ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін 94 нысан салынды. 288 мектеп пен балабақша, 118 аурухана мен 83 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтті.

Сонымен қатар елді мекендерде жолдар қалпына келтірілді. Бағдарлама жүзеге асырылған жылдары 100 шақырымға жуық жол жөнделген. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын тек абаттандырылған қалаларда ғана емес, көркейтілген ауылдарда атап өтудің де маңызы айырықша. Сондықтан биыл қазан айы ауылды өркендету айы болып белгіленіп отыр.

Гүлнәр Алпысбаева, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының ауылдық аймақтарды дамыту бөлімінің бастығы:
– Осы айда ауыл шаруашылығы жылының қорытындысы шығарылып, агроөнеркәсіп секторының республикалық форумы ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Береке бастауы» атты нан фестивалі мен «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» акциясының қорытындысы шығарылады деп көзделіп отыр.

Аталған акция ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай қолға алынды. Оның аясында облыста 299 сенбілік өткізіліп, 51 398 ағаш отырғызылған. Сондай-ақ осы күні мыңнан артық әлеуметтік- мәдени нысанның аумағы абаттандырылған.