Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс жолдарында жылдамдықты өлшейтін құрылғылар орнатылды

 

 

 

 

Процессингтік орталықтың жұмысы қазан айының үшінен басталды. Заманауи нысанның құрылысы мен оны озық үлгідегі қондырғылармен жабдықтауға облыстық қазынадан 160 млн теңге бөлініпті. Маңызды нысанның ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы Серік Біләлов ғимаратты аралап, материалдық-техникалық базасымен танысты.

Жылдамдықты өлшейтін үш құрылғы алыныпты.  Оларды жол апаттары жиі болатын Мир-Пионерская, Жамбыл-Таштитов көшелері және Явленка шоссесінің бойына орнатылған. Оларға түскен бар ақпарат бірден осы орталыққа жетеді. Жылдамдықты шамадан тыс асырған көліктің бір мезетте үш мәрте фотосуреті шығарылады. Бұл фотобейнелерде темір тұлпардың мемлекеттік тіркеу нөмірі, маркасы, жылдамдығы, ережені бұзған уақыты мен жері көрсетіледі екен. Кейін бұл ақпарат заңды елемеген тұлғаның мекенжайына жіберіледі. Ол айыппұлды өтеп, түбіртек қағазымен орталыққа келіп белгіленуі тиіс. Бұндай жаңашылдықтарды еліміздің өзге облыстары да қолға алған екен. Басқа өңірдің тұрғыны жергілікті камераға түсіп қалған жағдайда айыппұлды тұрғылықты мекен-жайы бойынша өтей алады. Жаңашылдықтың арқасында 3 күннің үшінде 5 млн. 896 мың теңге айып салынған, 780 жүргізушінің жылдамдықты шамадан тыс асырғаны анықталып отыр. Жылдамдықты өлшегіштің объективіне түскен ереже бұзушы туралы бар ақпарат өзгеріссіз қалады. Оны базадан өшіру мүмкін емес дейді жол сақшылары. Ол тіпті тас қараңғыда да жұмысын тоқтатпай, тәулік бойы суретке түсіретін көрінеді. Бұндай заманауи техника салтанатты жиынға қатысқан ардагер полицейлерді тамсандырмай қоймады.

 -Біздің ізімізді басқан тәртіп сақшыларына бұл үлкен демеу. 28 жыл жол полициясында еңбек еттім. Бұндайды көрген емеспін. Біздің кезде жылдамдықты анықтау мүмкін болмайтын. Кейін дәлелдеу де өте қиын еді. Қазір инспектор бұл іске араласпайды да,  бұл жемқорлықтың алдын алудың жақсы мүмкіндігі.

Сондай-ақ Серік Біләлов Южный жол бекетіндегі жаңашылдықпен танысты. Онда орнатылған камера бекеттен өткен бар көлік нысанын тіркеуге алады екен. Іздеуде жүрген көліктерді бірден анықтайтын мүмкіндігі бар. Жалпы өңірімізде жыл басынан 228 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Соның салдарынан 41 адам қаза тауып, 283 азамат дене жарақаттарын алған. Соңғы жаңашылдықтар мұндай оқиғалардың алдын алуға септесетін болады дейді мамандар.
Жеңіс Ермұқанов