Қайырымдылық

Жасотандықтар қарттарға құрмет көрсетті

 

 

 

Александра Лысенко биыл 92 жасқа келді. Өмірдің қызығы мен қиындығын қатар арқалап, жастайынан еңбекке араласқан әйел қартайған шағында жалғыз өмір сүруде. Жақын туыстарынан қалғаны – немере қызы екен. Ол Ресейде тұрады. Қарттар күнінде қария ескерусіз қалмады. Мерекемен “Жас Отанның” жастар қанаты құттықтай келді.

Александра Лысенко, зейнеткер:

-Әрине, жалғыз өмір сүру, әсіресе қартайған шағымда оңай емес. Денсаулығым аздап сыр бермесе, өзімді тың сезінемін. Мереке күні құрметтеп, көмек көрсете келген жас ұрпаққа алғысым шексіз.

Қария 13 жыл көлемінде медицина колледжінде жұмыс істепті. Бүгінде аталмыш білім ордасында қарттарға арналған әлеуметтік ұжым жұмыс істейді. Білім беру ошағынан келген болашақ дәрігерлер зейнеткердің денсаулығын тексеріп, үй ішіндегі шаруаларын тындырды.

Екатерина Харламова, Петропавл медицина колледжінің 3 курс студенті:

-Қарияларға келіп, көмегімізді көрсету өскелең ұрпақтың парызы деп білемін. Қолдан келгенше барлық жақсылықты зейнеткерлерге сыйламақпыз.

Жасотандықтар қолға алынған игі дәстүрді одан әрі жалғастырмақ.

Рүстем Есенбергенов, «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы:

-Осы акцияға барлық орта және жалпы білім беретін мекеме студенттері қатысуда. Бүгінгі біздің басты мақсатымыз – жалғызбасты қарияларды қарттар мерекесімен құттықтау.

Қарттар айлығы аясында қамқорлықты қажет ететін жалғызбасты зейнеткерліріміз назардан тыс қалмай, жасотандықтар оларға барынша қолдау көрсетпек.