Билік

Сенбілік жәрмеңке

 

 

 

 

Сенбі күні де жәрмеңке ұйымдастырылған болатын. Дегенмен ол күні ет тапшы болып, тұрғындардың көп бөлігіне жетпей қалған. Бүгін сөрелер ет тағамдарына және өзге де ауыл шаруашылық өнімдеріне толып тұрды. «Қызылжар-Ақбастау» базарына келген тұрғындар елдімекендерден әкелінген азыққа қарай ағылып жатты. Төмен бағамен сатылып жатқан ет, сүт өнімдерін алуға асыққандар кезекке тізіле қалды. Көшербай Жолдаспаев әр жәрмеңкеге қара малдың етін әкелетін көрінеді. Сатушы осындай шаралардың қала тұрғындарына ғана емес, сондай-ақ адал еңбегімен мал өсіргендерге де пайдалы екендігін алға тартты.

Көшербай Жолдаспаев, сатушы:
-Арзан баға, қымбатқа қойып жатқан жоқпыз, ауылдан, Есіл ауданы Корнеевкадан келіп, осы халықты қуантып, жақсы алып жатыр, рахмет оларға.

Азаматтар да жәрмеңкенің ұйымдастырылғанына разы болды. Барлығы бір ауыздан сөредегі тауарлардың құнын қалта көтереді деп отыр.

-Бағасы жақсы, сосын алайын деп жатырмын. 880 бе, білмеймін, ал жай кісілер 1200-ден сатады.
-Бағасы қол жетімді. Жиі осындай жәрмеңке ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді.
-Жәрмеңкеге ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуға келдік. Осыны ұйымдастырған облыс әкіміне деген алғысымыз шексіз. Жәрмеңкелер жиі өткізіле берсін!  

Жәрмеңкеге облыс әкімі Серік Біләлов те ат басын тіреді. Өңір басшысы саудаға қойылған еттің құнын сұрастырды. Өзге жерлерде жұмыртқаның құны 180 теңге болса, жәрмеңкеде 120-130 теңгеден сатылды. Ал ет тағамдарының дүкендердегі бағасы 1200 теңгені құраса, жәрмеңкеде аталмыш өнімді орташа алғанда 800 теңгеге сатып алуға болды. Облыс әкімі Серік Біләлов осы бағаны сақтап қалу керек екендігін айтып, аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Қазан айының әр аптасында осындай жәрмеңке ұйымдастыру керек. «Дария», «Алтын арман», «Корона» сауда орталықтарына  –  3 ауданнан, ал «Қызылжар -Ақбастау» базарына 4 аудан ауылшаруашылық өнімдерін әкелуі тиіс.

Аймақ басшысы тұрғындарды ет, сүт, көкөніс тағамдарымен және жұмыртқамен қамтамасыз ету керек екендігін атап өтті.

Айдана Демесінова